АСТАНА, 4 қаңтар — Sputnik. Ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясының бірінші курс басшысының орынбасары Тастайбеков қызметінен босатылғаннан кейін оқу орнының бірінші басшысы, генерал-майор Кенжетаев полиция қатарынан шығарылды.
Жан Кенжетаев қызметінен босатылып, ІІМ Қарағанды академиясының жаңа басшысы тағайындалғаны бүгін, 4 қаңтарда белгілі болды.
"Бұған дейін Академияның басшысы қызметін атқарған полиция генерал-майоры Кенжетаев Жан Табылдыұлы ішкі істер органдарынан босатылды", — деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Бүгін жеке құрамға академияның жаңа басшысы Ақынқали Дәрменов таныстырылды.
40 жастағы полковник Дәрменов Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Алматы заң институтын тәмамдағаннан кейін Ішкі істер министрлігінің Академиясында, содан кейін Германиядағы Дж. К. Маршалл атындағы Еуропалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі зерттеулер орталығында білім алған. Ал 2012 жылы Ұлыбританиядағы Кембридж университетін бітірді.
Еңбек жолын министрліктегі ведомстволардың бірінде қарапайым тергеуші ретінде бастаған. Ақынқали Дәрменов Қарағанды академиясының басшысы болып тағайындалғанға дейін ҚР ІІМ кадр саясаты департаментін басқарды.
Қазақстан ІІМ Қарағанды академиясының оқытушылары мен басшыларын жұмыстан босату әлеуметтік желілерде таралған видеороликтен кейін басталды. Онда майор шеніндегі полиция қызметкері әріптестерін Жаңа жылмен қылмыс әлеміндегі жаргонмен құттықтаған.
Салдарынан 3 қаңтарда Тастайбеков полицияның беделін түсіргені үшін жұмыстан шығарылды.