Спорт

"Ұлт қаһарманына айналды" Шетелдік басылым Бекзат Саттархановты еске алды

Жаңажылдық отырысқа асыққан елінің мақтанышы жол-көлік апатынан көз жұмды
Sputnik

АСТАНА, 3 қаңтар — Sputnik. Ресейлік "Чемпионат" спорт порталы 2000 жылы 31 желтоқсанда ажал құшқан олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы мақала жариялады.

"Ұлымды ұмытты, ешкім есіне алмайды" Бекзат Саттархановтың әкесі ренішін айтты
"Жаңа жылға дейін 15 минут қалған еді. Бір сәтте ұлт қаһарманына айналған 20 жастағы жігіт көлікті қатты айдаған. Ол мерекені достарымен бірге қарсы алуға асықты. Бірнеше сағат бұрын туған қаласында оған құрмет көрсетіп, кейін өзі анасын құттықтап, 150 километрлік жолға шыққан болатын.

Алайда бокс тарихындағы ең жас олимпида чемпиондарының біріне бұл бақыт бұйырмады. Спортшы қыста көлікті басқара алмай, аударып алды. Ауыр жарақаттан халық сүйіктісі сол жерде көз жұмды. Карьересындағы басты жеңістен кейін тек үш-ақ ай өмір сүрді", — деп жазды басылым.

Мақала авторы Түркістаннан шыққан спортшының қиын балалық шағы — Бекзат Саттархановтың спортқа, математика мен географияға деген қызығушылығы мен қайсар мінезі туралы да жазған.

Саттарханов небәрі екі жыл дайындалып Қазақстан жастар құрамасына іліккен болатын. 2000 жылы Сиднейде өткен олимпиададағы жеңісі — талантты спортшының өміріндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі. Боксшының өзі танымалдылықты сабырмен қабыл алып, бар назарын білімге аударуға тырысты. Алайда оның жоспарларын ажал бұзды.

Көптеген басылым қайғылы жағдайды жұмбақ өлім деп жазды. Жол апатын жас боксшы табысын бөлісуден бас тартқаннан кейін бұзақылар әдейі ұйымдастырған болуы мүмкін деп болжады. Сондай-ақ, тірі қалған жолаушылардың үнсіздігінің астарында бір сыр жатқан сыңайлы.

Тағы да оқыңыз:

"Алайда Бекзаттың достары мен таныстары арада 18 жыл өтсе де қайғылы жол-көлік апатын тағдырдың өзі ұйымдастырғанына сенімді", — дейді мақала авторы.

 Түркістандағы өзі тұрған ауданға және бірнеше спорт мектебіне Бекзат Саттархановтың есімі берілді. Сондай-ақ, 2017 жылдан бері боксшының құрметіне балалар мен жасөспірімдер арасында турнир өткізіліп келеді.