Дерекқор

Сүндет тойға арналған тілек

Қазақ халқы баланы сүндетке тақ жасында отырғызады
Sputnik

Сүндетке отырғызу қазақ отбасынан шыққан әр ұл бала үшін есеюдің ең алғашқы сынағы десе де болады. Ер балаларды үш, бес, жеті не тоғыз  жасында сүндетке отырғызу дәстүрге айналған. Сүндетке отырғызғаннан кейін мал сойып, алыс-жақын ағайынды тойға шақырады. Тойға келген  қонақтар "сүндетің қабыл болсын!" деп баланың жастығының астына ақша салатын болған. Sputnik Қазақстан дерекқоры сүндет тойға арналған тілекті назарларыңызға ұсынады. 

Сүндет тойға бата

Қол жайыңдар халайық, сүндетке арнап, 

Құдай құлы Мұхаммед Үмбетке арнап. 

Қырық парыздың біреуі осы дейді, 

Исламда атқарар міндетке арнап. 

Айың жарық, күндерің ашық болсын, 

Пәлі-құла Қырық кез қашық болсын. 

Жүрегіне Алладан нұр құйылып, 

Өміріне жететін несіп болсын. 

Бұл сүндет Әлми сақтан порым болған, 

Бұл Жұмай ақ тілеуімен орындалған. 

Ғайып Ерен, Қырық Шілтен қорғап жүрсін, 

Азамат бол Қыдыр ата қолыңды алған. 

Әумин!

Тағы оқыңыз:

Сөз бастар ақын болсын,

Қол бастар батыр болсын.

Ел бастар көсем болсын,

Ауыз дуалы шешен болсын

Еліне қорған болсын,

Дауылдан сақтасын, орман болсын.

Ағайынның ақ тілегі

Сүндет той құтты болсын! Ұлымыз бүгін ашамайлы атқа, мұсылмандық таққа мінді. Еліне, халқына адал қызмет ететін, ата-анасына қайырлы, ел-жұртына сыйлы, абыройлы, абзал азамат болсын деп тілейміз. Осы отырған баршаңызға той жұғысты болсын! 

Тағы оқыңыз: 

Өз құрбыңның алды бол, қора толы малды бол! Жауыңа дес бермейтін, арыстандай жалды бол! Өсе берсін өркенің, шарлай бергін жер шегін. Жаспен бірге бақ берсін, тәңір иіп нақ берсін! Қайырыңды ел көріп, жомарт деген ат берсін! Сен таңдаған келінім үйге ырыс ап келсін!

Тағы оқыңыз:

Пайғамбарымыздың хадисінде мұсылман үшін ең ұлы той – сүндет тойы деген екен. Мұның мәнісі, сірә, балғын жас бала ата-баба жолына түсті, мұсылмандық рухын сақтайды, дәстүрге адал болады деген ниетте жатса керек. Сондықтан бүгінгі ұлы тойларыңыз құтты болсын. Баламыз білімді, жеті жұрттың қамын ойлаған азамат болып өссін! Атаның ұлы емес, адамның ұлы болсын!

Тағы оқыңыз:

Мұсылмандық – бұл міндет,

Құтты болсын бұл сүндет.

Өмір жолы – ұзақ жол, 

Ұзақ жолда талмағын. 

Еңбек, өнер, ғылымда, 

Қатарыңнан қалмағын, 

Биік болсын талғамың. 

Халқың сыйлар адам бол, 

Орындалсын арманың. 

Мұсылмандық – ұлы міндет, 

Құтты болсын бұл сүндет!

Тағы оқыңыз:

Мұсылман болдың, қарағым, 

Кәне бері қарағын. 

Шырағын жағар ұлысың, 

Ата менен ананың. 

Таудай болсын талабың, 

Алтын менен күмістен, 

Жасалсын барлық жарағың. 

Көрімдігің мінеки, 

Бар ма тағы қаларың? 

Қой сұрасаң, қой берем, 

Тай сұрасаң, тай берем, 

Зат сұрасаң, зат берем. 

Ат сұрасаң, ат берем. 

Батырлығың байқалса. 

Сауыт берем Ақберген. 

Мұратыңа жете бер, 

Күннен-күнге өсе бер, 

Ұзақ болып өмірің, 

Өміріңнің түйінін, 

Өз қолыңмен шеше бер. 

Нағашыдан бір тілек 

Қатарыңның алды бол, 

Бақытты бол, малды бол. 

Бақытыңа мастанып, 

Бола көрме қанды қол.

Жас берсе, бірге бақ берсін, 

Жарылқап тәуір нақ берсін. 

Қайырыңды ел көріп, 

Жомарт деген ат берсін. 

Жолдарыңды оңдасын, 

Қыдыр болсын жолдасың. 

Қырық шілтен, Ғайып-ерен 

Қорғаштап сені қолдасын.

Тағы оқыңыз:

Мұсылмандық – бұл міндет, құтты болсын бұл міндет. 

Өмір жолы – ұзақ жол, ұзақ жолда талмағын, 

Еңбек, өнер, ғылымда қатарыңнан қалмағын. 

Биік болсын талғамың

Халқың сыйлар адам бол – орындалсын арманың!