Қоғам

Назарбаев дүниеден өткен бұрынғы министрдің отбасына көңіл айтты

Сұлтан Жиенбаев ұзақ жылдар бойы сауда министрі және министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болған
Sputnik

АСТАНА, 31 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевтың өмірден өтуіне байланысты қайғыға ортақтасып, оның туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтты.

Сұлтан Сүлейменұлы майданда ерлікпен шайқасып, елге оралған соң түрлі жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, білікті басшы және іскер ұйымдастырушы ретінде республикамыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты, деп жазылған Ақорданың сайтында жарияланған жеделхатта.

Қазақстанның көрнекті ғалымы дүниеден озды

Ұзақ жылдар бойы сауда министрі және министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып, өзі басшылық жасаған салалардың заман талабына сай дамуына көп еңбек сіңірді. 

Ол құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, тәуелсіз елімізде халқымыздың ынтымағы мен береке-бірлігінің нығая түсуіне әрдайым атсалысты.

"Елі мен халқын сүйген абзал жанның әрі абыз ақсақалдың есімі мен еңбегін қазақстандықтар ұмытпайды деп ойлаймын", – делінген жеделхатта.

Сұлтан Жиенбаев 1921 жылы туған. 1960-1962 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясының ОК-де бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1962 жылы Қазақ ССР-нің Сауда министрі, ал 1970 жылы Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, онда 14 жыл қызмет атқарды. Бірнеше мәрте Қазақстан КП ОК-нің мүшесі және Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.