Қоғам

Науқасты ұрған дәрігер, тақырбас қалыңдық және биші мұғалім: желіні "жарған" видеолар

Бірі ерекше өнерімен елінің мерейін үстем етсе, екіншілері шетелдікке тұрмысқа шығып жұрттың ашуын келтіріп жүр. Назарларыңызға 2018 жылы желіні "жарған" видеоларды ұсынамыз
Sputnik

АСТАНА, 28 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. 2018 жылы жұртты елең еткізіп, қызу пікірталас тудырған оқиғалар көп болды. Осы орайда, тілшісі ит жылында әлеуметтік желі қолданушыларының талқысына түсіп, жұртты шулатқан видеоларға шолу жасауды жөн көрді.

Басковты гүлсіз қалдырған Димаш

Димаш Құдайбергеннің әлеуметтік желіде жарияланған әр видеосы мыңдаған көрілім жинап, тыңдармандар тарапынан жылы лебізге ие болып жүр. Әсіресе, "Славян базары" байқауына әділқазы алқа мүшесі болып барған кезде орындаған әнінің видеосы желі қолданушыларын таң-тамаша етті. Тіпті, байқау жүргізушілерінің өзі "Басковтай әншіні гүлсіз қалдырды" деп әзілдеген-ді.

Естеріңізге сала кетсек, отандасымыз 2015 жылы "Славян базары" халықаралық өнер байқауына қатысып, жеңімпаз атанған болатын. Енді, міне, араға үш жыл салып Димаш Құдайберген Беларусьтің Витебск қаласына әділқазы ретінде қайта оралды. Фестивальдің ашылу салтанатында ол "S.O.S. d'un terrien en detresse" әнін орындады.

Әншінің шетелдегі тыңдармандары оны сахнадан жібермей, құшағын гүлге толтырды. Осы кезде фестиваль жүргізушісі "Қандай құрмет! Ана жақта Басковтың көлігі кетіп барады, мен көріп тұрмын" деп жиналған қауымды күлкіге қарық қылды.

Батыл бүлдіршін

Димаш Құдайберген дауысымен жұртты таңғалдырса, тағы бір қазақстандық Ресей халқын ерекше өнерімен тәнті етіп қайтты. Алматылық Вероника Каткаева Первый каналдың "Лучше всех!" атты бағдарламасына қатысты. Ол осы бағдарламада жүргізуші берген тапсырмаларды еш қиындықсыз орындап, көрермен көзайымына айналды. Тапсырмалар негізінен актерлік шеберлікті көрсетумен байланысты болды.

Вероника — тек актриса емес, модель әрі вокалист. Бүлдіршін негізінен жарнама арқылы танымал болғанын айтады. Жуырда әлеуметтік роликке түсіп, камера алдында ұзын шашын тақырлап алып тастауға келісімін берген. Сонымен қатар, Вероника бағдарламада Антон Лаврентьевпен бірге "Кішкентай ханзада" ертегісінен үзінді қойды.


Қазақтың "МакГрегоры"

Тағы бір қазақстандық бала ММА файтері Конор МакГрегордың жүрісін саламын деп жұртты күлкіге қарық қылды. Ол бұл жүрісті Қазақстанда грек-рим күресі бойынша турнир өтіп жатқан кезде салған. Сол жерге жиналған жас спортшылардың ата-аналары мен жанкүйерлері "кішкентай МакГрегорға" ду қол шапалақ соғып, қошемет көрсетті.

Шетелдік күйеу бала

Италия азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы да қоғамның қызу талқысына түсті. Әрине, арасында бойжеткенді жақтап сөйлеп, бақыт тілегендер де бар.

Әлеуметтік желіде видеоның үзіндісі ғана жарияланғандықтан, қазақ қызының кімге алғыс айтып тұрғаны белгісіз. Сөздерінен бір адамды ғана меңзеп тұрғаны байқалады. Желі қолданушыларының топшылауынша, ол бұл сөздерді видео түсірген азаматқа айтып тұр. Яғни видеоны той өткен мейрамхана басшысы жарнама ретінде түсірген болуы мүмкін.

Кейін алғыс білдірген бойжеткеннің сөзін сүйіктісі жалғап, тойдың жоғары деңгейде өткенін айтады. Видеоның тұсына әлеуметтік желі қолданушылары қазақ қыздарының шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуына қарсы екендерін жазып жатыр. Арасында қазақ қыздары үшін таңдау жасамауды өтінгендер де болды.

"Биші" мұғалім

"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" демекші, әлеуметтік желіде таралған биші ұстаздың видеосы бірнеше күннен бері жұрттың талқысына түсіп жатыр. Видеода ұстаз сахнадағы бүлдіршіндерге алыстан не істеу керектігін биімен көрсетіп тұрады. Бүлдіршіндер алыстан көрмей қалады деп ойласа керек, айналасындағылардың өзіне қарап тұрғанына мән берместен, барын салып билейді.

Желі қолданушыларының көпшілігі ұстазға деген жылы лебіздерін жарыса жазып, оны бүлдіршіндерге білдірген қолдауы үшін мақтауда.

"Балалар сахнаға шыққанда қобалжиды, міне сіздерге шпаргалка", — деп жазды желі қолданушыларының бірі. 

Көптеген қазақстандық бала үшін ата-ананың ғана емес, дәл осылай педагогтердің қолдауы маңызды екенін айтып жатты. 

Минутына 94 мың сөз оқитын Адина

Қазақстандық Адина Манатбекова "Россия 1" арнасынан көрсетілетін "Удивительные люди" бағдарламасында әділқазы алқаларын өзінің жылдам оқу қабілетімен таңғалдырған болатын. Кейін осы бағдарламаның youtube желісіне салынған видеосы аз уақыт ішінде миллионнан астам көрілім жинады.

Ол 35 секунд ішінде 18 бет қағазға жазылған мәтінді оқып шықты. Адина жылдам ғана оқып қоймай, аз уақыт ішінде мәтіннің мазмұнын ұғып алады. Жас қазақстандықтың айтуынша, 2016 жылы ол жылдам оқудан рекорд орнатқан — минутына 94 мың сөз оқып, мәтіннің мазмұнын 90% түсінген.

Адина Манатбекованың мәтінді қаншалықты жылдам оқитынын тексеру үшін бағдарлама ұйымдастырушылары оған ерекше тапсырма берді. "Зүбаржат қаласының сиқыршысы" ертегісін алып, ішінде кей сөздерді өзгертеді. Адина мәтінді оқып шыққаннан кейін әділқазы алқалары одан мәтіндегі өзгертілген жерлерге қатысты сауалдар қоя бастайды. Қойылған төрт сұрақтың үшеуіне қазақстандық дұрыс жауап берді. Бағдарлама жүргізушісі Александр Гуревич қатені 1,5% айып деп, қиын сұрақты әділқазы алқалары қызғаныштан қойып отыр деп әзілдеген-ді. 

Жүректі елжіреткен Головкин

Биыл 16 қыркүйек күні Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альвареспен жекпе-жек өткізді. Осы кездесу кезінде төрешілер шешімімен Головкиннің жеңіліп қалуы спортшының өзі үшін ғана емес, барша қазақ үшін ауыр тиді.

Бірнеше күннен кейін ол әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы болған жекпе-жектен видео жариялап, жұрттың жүрегін елжіретті. Бұл видеода Головкиннің өзінің қарсыласына қалай соққылар жасағаны таспаланған.

Видео аз уақыт ішінде бір миллионнан астам көрілім жинап, көптеген пікір жазылды. Желі қолданушыларының барлығы спортшыға қошемет сөздер айтып, оны мақтан тұтатындарын айтып жатты. 

"Алға, Гена! Халқың сенімен бірге!", "Гена, бәрібір жақсы", "Сіз біздің жүрегіміздегі чемпионсыз! Реванштың болуын күтеміз және жеңіске жеткеніңізді қалаймыз. Жеңіс біздікі", "Құдай берген талантты ешкім де тартып ала алмайды! Қарсыласы 30-ға да толмаған, ал Генаның жасы 40-қа жақындап қалды. Ол осы уақытқа дейін тамаша жетістіктерге жетті. Бір рет жеңіліс табу деген ешнәрсе емес. Барлық адам бокс ережесін 100% біле бермейді. Сол себепті қателік төрешілерден кетті деп ойлаймын. Ал Гена қолынан келгеннің бәрін жасады. Бұл Алланың берген сыйы деп ойлаймын" деп қолдау білдірді олар. 

Орны толмас қаза

2018 жылы қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған тағы бір оқиға болды. Шілде айының 19-ы күні Денис Тен ұрылардың қолынан көз жұмып, мәңгілік сапарға аттанды. Қайғылы оқиғадан кейін чемпионын жоғалтқан халық біраз есеңгіреп қалды.

Мәнерлеп сырғанаушының қазасынан кейін әлеуметтік желіде ескі сұхбаттары қайта жариялана бастады. Оның "Спортта 25 жасқа дейін боламын деп ойлаймын. Мен спорт үшін өмірімді құрбан еттім" деп айтқан сұхбаты қоғамда қызу талқыға түсті. Осыдан кейін көпшілік оны мәңгілік сапарға аттанатын күнін болжады деп жатты. Сондай-ақ психоаналитик мамандар Sputnik Қазақстан тілшісіне берген мұның әбден мүмкін екенін айтып өтті. 

Жүйкесі сыр берген дәрігер

3 қазан күні Instagram желісінде жарияланған видео жұрттың жағасын ұстатты. Себебі, бұл видеода медицина қызметкері науқасты соққыға жығып қана қоймай, жерге құлағаннан кейін басынан теуіп жібереді. Бастапқыда әлеуметтік желі қолданушылары оқиға №2 қалалық ауруханада болды деп болжаған-ды. Алайда кейін бұл ақпаратты денсаулық сақтау басқармасы жоққа шығарды.

Тексеріс барысында оқиғаның теміржол ауруханасында болғаны және осы жағдайдан кейін 26 жастағы жас дәрігердің жұмыстан қуылғаны белгілі болды. Аурухана директорының түсіндіруінше, науқастың өзі бірінші шу шығарып, қол көтерген. Ашуға бой алдырған дәрігер оны қорғану мақсатында ғана ұрған.

Осы жағдайға байланысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі дәрігерді жақтап, оны жұмыстан шығармауды өтінсе, екіншілері науқасқа обал болғанын жазды. 

ҚоғамВидеоГеннадий ГоловкинДимаш ҚұдайбергенДенис Тенәлеуметтік желілер2018 жыл