АЛМАТЫ, 26 желтоқсан — Sputnik. Алматыда танымал мемлекет қайраткері, 150-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, публицист және философия ғылымдарының докторы Сағындық Кенжебаев 94 жасқа келіп дүниеден озды.
Сағындық Кенжебаев Кеңес Одағы кезінде ұзақ уақыт Қазақ КСР жоғары және орта кәсіби техникалық білім министрінің орынбасары қызметін атқарған, мемлекеттік қызметтен кейін Алматы шет тілдер педагогикалық институтында оқытушы болды, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Кеше 25 желтоқсанда Алматы халқы Сағындық Кенжебаевты ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасуға оның туыстары, қызметтестері мен қоғам зиялылары және Алматы әкімі Бауыржан Байбек қатысты.
Қала басшысы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын оқып берді.
"Жұртшылық алдындағы зор абырой беделінің арқасында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Жемісті қызметі әр жылдары Отанымыздың жоғары мемлекеттік наградаларымен атап өтілді. Ұзақ та ғибратты ғұмыр кешкен Сағындық Жүнісұлының топырағы торқа, жаны жәннатта болсын! Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев", – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.
Ұлы Отан соғысында Сағындық Кенжебаев алдыңғы шепте шайқасып, "Ерлігі үшін", "Кенигсбергті алғаны үшін" медальдерімен және Отан соғысының І дәрежелі орденімен марапатталған.