Қоғам

Қазақтың қабырғасы қайысқан күн: 2018 жылы дүниеден озған тау тұлғалар

"Өзен ағысын бөгеуге болады, Өмір ағысын бөгеуге болмайды"
Sputnik

АЛМАТЫ, 23 желтоқсан — Sputnik, Айгерім Таубай. "Өлімнен басқаның бәріне асық" деген сөз бар халқымызда. Десек те, әрбір адамның ажалы бар. Исламда ажал келгенде бір сағат та кешіктірілмейтіні айтылады. Өкінішке қарай 2018 жылы қазақ елі бірқатар тарлан талантынан айырылды. Бүгін біз атаның емес, адамның баласы болған тау тұлғалар мен қыршын кеткен жас дарындарды қайғыра еске аламыз.   

Бір кем дүние…

Қазақстанның халық жазушысы Шерxан Мұртаза 9 қазанда 86 жасында дүниеден озды. Қоғам қайраткерін ақтық сапарға шығарып салуға мыңға жуық адам Алматыда М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жиналды. 

Алматы қаласында қазақ халқы Шерxан Мұртазамен қоштасты

Шерхан Мұртаза "Табылған теңіз", "Бұлтсыз күнгі найзағай", "Белгісіз солдаттың баласы”, "Мылтықсыз майдан", "41-жылғы келіншек", "Ахметжанның анты", т.б. повестер мен "Интернат наны" атты әңгімелер жинағының авторы. "Қара маржан" романы, мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың өміріне арналған роман-трилогиясы басылған. Драматургия саласында жазушының "Қызыл жебе", "Сталинге хат", сондай-ақ "Бесеудің хаты"  атты пьесалары қойылған.

"41-ші жыл келіні", "Интернат наны", "Жүрек қартаймайды" әңгімелер жинақтарының; "Қара алқа", "Қызыл садақ" романдарының; "Сталинге хат", "Бесеудің хаты", "Бесінші бұрыш" пьесаларының авторы.

Қазақ әдебиеті қара жамылды

17 ақпанда белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев 61 жасында дүниеден озды.

Рахымжан Отарбаев 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1977 жылы Орал педагогика институтын бітірген. 

Әр жылдарда "Орал өңірі" газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио комитетіне редактор, "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жалын" альманахында бөлім меңгерушісі, Қырғызстанда Қазақстан елшілігінің атташесі, Маңғыстау облыстық радио-телевидение компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі және т.б лауазымды қызметтер атқарды.

Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев дүниеден озды

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры болды.

Жазушының әр жылдары "Шер", "Жұлдыздар құлаған жер", "Жайық жыры", "Қараша қаздар қайтқанда", "Дауысыңды естідім", "Отверженный мир" атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген.    

60 жылын Әуезов театрына арнаған…

15 шілдеде  Қазақстанның халық әртісі, "Отан" орденінің иегері, көрнекті кино және театр актрисасы, шығармашылығының 60 жылға жуығын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрына арнаған өнер қайраткері Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Шәріпова ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін дүние салды.

Алматыда Зәмзәгүл Шәріпованы ақтық сапарға шығарып салды

1953 жылы Мұхтар Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданған Зәмзәгүл Шәріпова сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет еткен. Актерлық диапазоны кең актриса ұлттық драматургия мен дүниежүзілік классикадан сан қырлы жүзден аса образды сомдаған.

Жарқ еттің де, жоқ болдың

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен 25 жасында өмірден өтті.

"Дениссіз өткен бір ай". Достары қазаның жазылмас жара болып қалғанын айтты

Спортшыны шілденің 19-ы күні Алматыда түс ауа белгісіз екі адам пышақтап кеткен. Алған жарақатынан Алматыдағы №12 қалалық клиникалық ауруханада көз жұмды.

7 қарашада Денис Теннің туып-өскен үйіне мемориалды тақта орнатылды. Мәнерлеп сырғанаушы тұрған үйдің алдына жүзге жуық адам жиналды. Бұл жиынға Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Татьяна Тарасова, Денис Теннің ата-анасы мен әріптес-достары, Алматы тұрғындары қатысты. 

Алматыдағы Денис Тенмен қоштасу рәсімі
200-ден астам шәкірт тәрбиелеген

25 қарашада Қазақстанның мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, кино актері, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері Есім Сегізбаев дүние салды.

Есім Сегізбаев он жылдан астам уақыт бойы Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актерлік құрамында еңбек еткен. 1978 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, профессоры болды, 200-ден астам шәкірт тәрбиелеген.

22 монография, 200-ден астам ғылыми мақала жазған 

Қазақстанның көрнекті ғалымы дүниеден озды

23 қарашада қазақстандық ғалым, археолог, тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов 78 жасында қайтыс болды. Ашық дереккөз мәліметіне қарағанда, 17 қарашада Байпақов 78 жасқа толған. 

"Оның бүкіл өмірі — халыққа еңбек етудің үлгісі. Карл Молдахметұлы біздің тарихымыз, археология және мәдениет жайлы білімімізді арттырды. Таяуда ғана археологиялық орталықтарды зерттеу бойынша үлкен жоспарлар құрып едік. Бірақ, амал не, ол жоспарларымыз орындалмайтын болды", — деді ғалыммен қоштасу рәсімінде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Байпақов Қазақстанның ортағасырлық қалалары тарихын, қала мен дала арасындағы өзара байланысты зерттеп, ғылымда жаңа бағытты дамытты. 22 монография, 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, "Парасат"  орденімен марапатталған.

Қазақ халқы Карл Байпақовпен қоштасты

Бұрынғы мәдениет министрі қайтыс болды

21 қаңтарда еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, отандық мәдениеттің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі, он бір жылға жуық Қазақ КСР-нің мәдениет министрі болған Жексенбек Еркімбекұлы Еркімбеков 88 жасына қараған шағында өмірден озды.

Мұхамедиұлы театр әртістерінің қанша алатынын айтты
Жексенбек Еркімбеков Қазақ КСР мәдениет министрі болып қызмет атқарған кезінде мәдениет саласының кадр даярлау деңгейі айтарлықтай өсіп, ансамбльдер мен оркестрлер құрылды, жаңа театрлар, филармониялар, кітапханалар, мәдени орталықтар, жылжымалы автоклубтар және автомузейлер ашылды.

Алматы қаласында Республика сарайы, М.Әуезов атындағы және М.Лермонтов атындағы театрлардың ғимараттары соғылып, Алматы хореографиялық училищесі, К.Байсейітова атындағы және А.Жұбанов атындағы дарынды балалар музыка мектептерінің, П.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінің жатақханасымен бірге жаңа ғимараттары бой көтеріп, Орталық концерт залы, Ұлттық музей, Ә.Қастеев атындағы музей ашылды. Еліміз бойынша жалпы саны 200-ге жуық мәдениет мекемесі құрылды. 

Жексенбек Еркімбекұлы

Ахмет Жұбановтың жиені  көз жұмды 

15 желтоқсанда қазақстандық композитор, режиссер және педагог Әліби Мәмбетов 58 жасында дүниеден озды. 

Әліби Әзербайжанұлы Мәмбетов – атақты қазақстандық композитор Ғазиза Жұбанова мен режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің ұлы, әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың жиені. Кинематограф пен телевидениедегі жұмыстары арқылы танымал болды.

Тағы оқыңыз:

Қоғам қайраткері өмірден өтті

21 наурызда Қазақстан азаматтық альянсының бұрынғы басшысы Нұрлан Ерімбетов 58 жасына қараған шағында қайтыс болды. 

Нұрлан Ерімбетов әр жылдарда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, президентшіл "Отан" партиясы саяси кеңесінің хатшысы, "Отан" партиясы төрағасы міндетін атқарушының кеңесшісі, "Ақ жол" партиясы төрағасының кеңесшісі болып істеген. Өмірінің соңына қарай Ерімбетов "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры акционерлік қоғамында компания омбудсмені қызметін атқарған.