АСТАНА, 22 желтоқсан — Sputnik. Қазақстанның атын әлемге танытқан кәсіпқой боксшы Геннадий Голвкиннің карьерасы аяқталады деген болжам шықты.
Головкин жуырда бокспен қош айтысады, деп санайды SunSports ағылшын порталының тілшісі Колин Харт. Оның ойынша, 36 жастағы GGG рингтегі реакциясын жоғалтып алған.
Бокс әлемі GGG үш жыл бұрын бокстан кеткен жеңілмеген америкалық боксшы кіші Флойд Мэйвезердің жолын қуады деп ойлаған, дейді Харт.
"36 жасында әлемдік деңгейде 24 кездесу өткізген Головкиннің карьерасы өз мәресіне жетіп қалғанына еш күмәніміз жоқ. Ол Pound for pound (Әлемдегі ең үздік боксшылардың салмақ дәрежесі ескерілмейтін рейтингісі – Sputnik) рейтингісінде төмен құлдилап барады", — деп пікір білдірді журналист.
Ол атап өткендей, Головкиннің Сауль Альвареске қарсы екі жекпе-жегі халықтың мәңгі жадында қалады. Харттың айтуынша, GGG төреші Аделаида Бердтің ақылға қонымсыз шешімінің кесірінен жеңімпаз бола алмады. Естеріңізге сала кетсек, GGG — "Канело" алғашқы жекпе-жегінде төреші әйел 118:100 есебімен Альварес жеңді деп дауыс берген еді. Бұл қорытындыға тіпті мексикалық боксшының командасы да аң-таң болған.
Бұған дейін Геннадий Головкиннің карьерасы туралы бас бапкері Абель Санчес пікір білдірді. Оның сөзіне сүйенсек, қазақстандық әлі екі-үш жыл кәсіпқой бокста жүріп, жоғары жетістіктерге жете алады.
Биыл қыркүйекте Головкин "Канелодан" төрешілер шешімі бойынша жеңіліп қалды. Головкиннің промоутері Том Леффлер айтқандай, мексикалық пен қазақстандықтың қарымта кездесуі келесі жылы қыркүйекте немесе желтоқсанда өтуі мүмкін.