Қоғам

Астанада қоғамдық көлікке 900 жүргізуші жетіспейді

Астанада автобус жүргізушілеріне ерекше мәртебе беріліп, жалақысы артады
Sputnik

АСТАНА, 21 желтоқсан — Sputnik. Жүргізушілердің ішкі классификациясы және оларды қалай ынталандыратыны туралы "Астана LRT" ЖШС басқарма басшысы Бекмырза Игенбердинов айтып берді.

Оралда әбден ашынған автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қоюы мүмкін

Автобус жүргізушісінің ең төменгі жалақысы – 200 мың теңге, орташа жалақы – 250 мың теңге. Жол апатына түспеген, жол жүру ережесін бұзбайтын, жағымсыз пікір алмаған үздік жүргізушілер қосымша бонустарға ие болып, жалақысы 400 мың теңгеге жетуі мүмкін.

"Бізде құрмет тақтасы деген бар – қаһармандар мен суперқаһармандар. Атына шағым түспеген, жол апатына ұшырамаған, талаптарды дұрыс орындап, өз жұмысын жақсы көретін жүргізушілер суперқаһарман атанады, жалақысы да жақсарады", — деп түсіндірді Игенбердинов.

Сонымен бірге, компанияда вакансиялар бар екен – мамандар жетіспейді.

"Жүргізушіге ауыртпашылық түспес үшін бір автобусқа 2-3 адамнан келуі керек, қазір олар артық жұмыс істеп жүр. Қала бойынша 900 адам жетіспейді. Қазір Астанада 1 500 жүргізуші бар", — деп хабарлады "Астана LRT".

Компания тәртіп бұзғандарға айыппұл салынатынын да жасырмады. Жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 900 жүргізуші тартылыпты. Айыппұл сомасы 12 миллион теңгеге жетеді.