Мәдениет

Джеки Чан Димашты ерекше сыйлық беріп қуантты — сурет

Димаш Құдайберген өз кезегінде қытайлық актерге қазақтың шапанын сыйға тартты
Sputnik

АСТАНА, 20 желтоқсан — Sputnik. Әлемге танымал актер Джеки Чан қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге өзінің үнтаспасын сыйға тартты. Бұл туралы әншінің өзі Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

Әнші актердің кездескен сайын өзіне ерекше сый жасайтынын айтады. Бұл жолы да ерекше тарту жасап, батасын берген. Ал Димаш Құдайберген өз кезегінде қазақтың шапанын сыйға тартқан.

"Джеки ағаның қарапайымдылығы туралы айтпаса да белгілі. Бала кезден сүйіп өскен актёрім маған әрдайым көріскенде батасын беріп, жол сілтейді. Бүгін ағамыздың жаңа үнтаспасының тұсаукесерінде болдым. Қолымдағы Джеки ағаның берген сыйлығы. Дәстүріміз бойынша қазақстандық заманауи шапанды кигіздім. Көңіліңізге, пейіліңізге үлкен рахмет. Күллі әлемді аузына қаратқан кісі осыншалық қарапайым болып жүргендігі қатты қуантады. Ұзақ ғұмыр тілеймін", — деді әнші.

Осы уақытқа дейін кездескен кезде Джеки Чан Димашқа өзінің күртесін сыйға тартып, бірге би билеген еді. Сондай-ақ, олар Астана қаласында өткен Қазақстан-Қытай кинофестивалінің ашылу салтанатында бірге ән салған-ды.