АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында қатты аязға байланысты дабылды ескерту жарияланды. Бұл туралы "Қазгидромет" хабарлады.
"21, 22 желтоқсанда түнде Ақмола облысының оңтүстігінде ауа температурасы 30-33 градус, Қарағанды облысында 32-35 градус, Шығыс Қазақстан облысында 33-38 градусқа дейін төмендейді деп болжануда", — деп жазылған хабарламада.
Синоптиктер Астана қаласында 21, 22 желтоқсанда түнде 30-32 градус аяз болады деп болжап отыр.
Айта кетейік, 21 желтоқсанда Түркістан облысының кей жерлерінде тұман түседі. Таулы аудандарда баяу бұрқасын соғып, шығыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.