Дерекқор

Фариза Оңғарсынова туралы не білеміз?

Фариза Оңғарсынова - көркемсөз майданында ақын мен жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, намысқойлық және адамгершілік секілді қасиеттердің биігінен көрінген ақын. Ақынның өлеңдері кейінгі ұрпақты ерлікке, нәзік болуға, туған жер мен адамзатты сүюге апаратын жол іспетті
Sputnik

Ол 1939 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы, Исатай ауданы, Манаш ауылында өмірге келген. Шығармашылықпен айналысып қана қоймай, 1996-2004 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты болған. Фаризаның әкесі Оңғарсын Иманғалиев — оқыған, елге қадірлі азамат. Қазіргі Атырау облысында алғаш балық шаруашылығын ұйымдастырған. Ал анасы Қалима Иманғалиева арабша хат танып, қазақ ауыз әдебиетін жақсы білген. Он баланы дүниеге әкелген ана бес уақыт намазы мен оразасын қаза қылмаған.

Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова туралы не білеміз?
Ақын қыз үйдің кенжесі, бауырларының біразы жастай қайтыс болған. Әкесі жүрегі ауырып ерте көз жұмды, ал анасы 70-жылдары дүниеден өткен.
Айвар есімді ұлы мен Анар есімді келіні, Әнел, Алан және Анита атты немерелері бар. Сондай-ақ, ақын ерте қайтыс болған жалғыз ағасының ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірген. 

"Бір жақсы көрсем, өмір бойы сүйіп өтемін"

"Жақсы көрген жігітім жол апатынан көз жұмды. Содан кейін қатты ауырып жатып қалдым. Жан дүнием біреуді жақсы көрсе, оны өмір бойы сүйіп өтеді. Сөзімнен еш айнымаймын. Алла тағала жаратқан болмысым осы болғандықтан, оны өзгерте алмаймын. Өзімді зорлағым да келмейді. Жалпы табиғатым жасандылыққа қарсы", — деді Фариза Оңғарсынова "Тірлігімнің мазмұны аналығым" бағдарламасына берген сұхбатында.

Бала күнінде анасының Мұхаммед пайғамбар туралы әңгімелерін естіп өскен. Көпке дейін Мұхаммед пайғамбарды ауылдас адам немесе туысқан ағаларының бірі деп ойлап келген. Анасын қатты жақсы көріп, ол қиналған шақта көңілін көтеруге тырысқан. Мектеп қабырғасында жүріп әдебиет, оның ішінде жырларды жатқа оқыған. Әсіресе, "Қобыланды батыр" жырын жатқа оқығанды жақсы көрген.

Бала күнінен ақындық қасиетін көрсетіп, өзіне әсер еткен жағдайларға байланысты өлең шығаратын болған. 5-сыныпта оқып жүрген шағында 5-6 ұл-қыз болып үйге қайтып келе жатады. Сол кезде ақынның құрбысы Ләззат өзіне тиіспек болған Хайролла есімді ұрыншақ баланы қатты итеріп жіберіп, жерге құлатады. Осы сәтте:

"Жылтың-жылтың бала,
Хайролланы қара.
Ләззатқа жеңіліп,
Құлап қалды жаңа", — деп өлең шығарған екен. Сонда қасында жиналғандар "Өлеңді өзің шығардың ба?" деп сұрайды.

"Өнер табыстырған жұлдызды жұп" Тоқтар мен Бейбіт туралы не білеміз?
Осы оқиғадан кейін сыныптастарының жақындары Фариза Оңғарсынованың анасынан "Сенің кішкентайың өлең шығарады екен ғой" деп сұрайды. Мұны білген анасы қатты қуанып, ертең үлкен ақын болады деп болжаған екен. Ал Фариза Оңғарсынованың өзі сол түні болашақта ақын болармын деген оймен ұйықтаған.

"Не жасасам да, өкінбеймін"

Фаризаның есімін Манаш ауылындағы Нәсимолла есімді татар молдаға әкесі бозжорғасын беріп, азан шақырып қойған. Әкесі балық шаруашылығында басшы қызметкер болып, отбасымен Каспий теңізі маңындағы Манаш ауылына көшіп келеді. Фариза "бірегей" деген мағынаны білдіреді.

"Бала күнімде ауылда өсіп, ұяңдау болдым. Ал жұрттың бетіне айтып тастай беретін қасиет келе қалыптасты. Біреу ішкі жан-дүниеме үйлеспесе, қабылдай алмаймын. Тіпті, 5-10 минуттан артық сөйлесіп отыруға қауқарым жетпейді. Жақтырмасам, сөйлеспей жүре беретінмін. Бұл қасиетімнің көргенсіздік екенін, дұрыс еместігін енді түсініп жүрмін. Басты қағидам — не жасасам да өкінбеймін", — дейді ақын қыз өзінің мінезі туралы.

Тағы оқыңыз:  

Жазушы Роза Мұқанова ақынның өтірікті, жалған сөйлеп, жағымпазданған адамды ұнатпайтынын айтады. Көп жағдайда адамдардың бұл қылығын бетіне басады.

"Құранда "Ақиқат айтылмаса, адам адасады" дейді. Бізде ақиқатты айта алатын адамдар аз. Әсіресе, өнер адамдарының, сөз өнерімен айналысып жүрген зиялы қауымның арасында. Осы тұрғысынан да мен ол кісіні мойындаймын", — деді Роза Мұқанова.

Халық шатақ мінезі бар деп ойлайды

Ал жалғыз ұлы Анвар анасының жұрт ойлағандай қатал адам еместігіне сенімді. Қол жұмсаған кездері де сирек.

"Осы жерде отырғанымның барлығы анамның арқасы. Оны шексіз жақсы көремін. Анам 70-жылдары Алматыға көшіп кетіп, мен әжемнің қолында тәрбиелендім. Әжемізді "мама" деп айтатын едік. Жалғыз ұлы болған соң мені еркелетеді. Бір рет өтірік айтқаным үшін таяқ жегенім бар. Қазақстан халқы кішкене шатақ мінезі бар деп қорқады ғой деймін. Анамды керісінше кішкене балалармен алдауға болады. Әдетте жұмыстан шаршап келсе, жанына Анитаны қойып қоятынбыз. Сол кезде анам барлық шаршағанын ұмытатын", — деді Анвар Оңғарсынов.

Сәкен Майғазиев туралы не білеміз?
Ақын 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, мектепке мұғалім болып жұмысқа кіреді. Кейін облыстық "Коммунистік еңбек" газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасады. 1968-1970 жылдары сол кездегі "Лениншіл жас" газетінің Орал, Гурьев және Ақтөбе облыстары бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істейді. Қазір бұл газет "Жас Алаш" деп аталып жүр. Бұдан кейін 1970-1978 жылдары аралығында қазіргі "Ұлан", сол кездегі "Қазақстан пионері" газетінің бас редакторы қызметін атқарады. 1978-2000 жылдары қазіргі "Ақжелкен", сол кездегі "Пионер" журналының бас редакторы, 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты болған.

Фариза Оңғарсынованың өлеңдері

Фариза Оңғарсынованың "Сандуғаш" атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1966 жылы жарық көрген. Бұдан кейін 1969 жылы "Маңғыстау маржандары", 1972 жылы "Мазасыз шақ", 1973 жылы "Асау толқын", 1983 жылы "Сұхбат", 1985 жылы "Дауа" атты кітаптары жарық көреді. Ақын әйелдер махаббаты мен арманы, жанының құпиясы туралы көп жазады. Сондай-ақ, Әлия мен Мәншүктің тағдыры мен трагедиясына дастандар арнаған. Туындыларының басты қыры — әйелдер бейнесінің жай емес, қазіргі заман талабының биік өресіне лайықтап жырлауы.

Шығармашылығы тән басты қасиет — ақынның шындық алдында бас июі. Мұны 1979 жылы жарық көрген "Сенің махаббатың" жинағындағы "Сырласу мен ақын әйелдің анасымен диалогы" атты поэмасынан көруге болады.

Тағы оқыңыз:

Фариза Оңғарсынова өзінің естеліктерінде жұрт ойлағандай Мұқағали Мақатаев екеуінің арасында махаббат болмағанын айтады. Оның поэзиясы өміріне ерекше әсерін тигізбеген екен. Қазаққа және ақындарға Мұқағали поэзиясы қаншалықты құнды болса, Фариза Оңғарсынова да сол деңгейде бағалайды.

Мұқағали Мақатаев қайтыс боларының алдында "Фаризаға" атты өлең жазып, оны пошта арқылы жіберткен. Бұл кезде ақын қыз жазушылар одағының жұмсауымен халықаралық жиынға қатысу үшін Баку қаласына ұшып кетеді. Сол жақта жүргенінде Мұқағали ақын дүние салады.

Фариза мен Мұқағали арасында сезім болды ма?

Фариза Оңғарсынова Мұқағали Мақатаевты жақыннан "Мазасыз шақ" атты үшінші кітабы жарыққа шығар кезде көреді. Ақынның өзі бұл туындысында қолтаңбасының алғаш біліне бастағанын айтады. "Әдебиет" баспасының бастығы Қадыр Мырза Әли, Сағи Жиенбаев және басқа да ақындар осы кітаптың жарыққа шығуына қарсылық білдірген-ді.

"Осы кітаптың ішінде жас қыздың атынан айтылатын өлең болды. Өлеңде қыз өзі жақсы көретін баламен бірге отырады. Көкорай шалғын, күн керемет нұрланып тұр. Қыз кетуге сыңай танытса да, іштей өзін ұстап қалғанын қалайды. Ең соңында "Сіздерге қарауға қымсынып, ай жатыр шалқасынан" деген сөзбен аяқталады. Бірнеше комиссия мүшесі "Бұл не қылған көргенсіздік?! Не деген масқара?! Осындай сөз бола ма?" деп жатқанда Мұқағали кіріп келді. Өзі аздап қызғындау екен. "Әй, Қадыр. Мына қыз ертең екеуіңді ұрады" деді есікті тарс жауып шығып кетті. Мен де олай жазбаймын, кешіріңдер деп айтпадым", — дейді Фариза Оңғарсынова.

Ақынның пікірінше, қазақ әйелінің жан дүниесін бір адам жазуы керек. Алған бағытынан таймай жазуына осы нәрсе себеп болған. Сондай-ақ, ол Мұқағали Мақатаевтың мінезі басқаны қайталамайтынын айтады.

Нұржан Төлендиев (Тука) туралы не білеміз?
"Кейбіреулер Мұқағалидың маған деген тілеулестігін, сезімін қызғанып, халықтың арасына басқа пікір тарату мақсатында ойдан оқиғалар шығарған кездер де болды. Аға мен қарындастың, ақын мен ақынның бір-біріне деген шынайы ықыласына сүйсініп қызығудың орнына, қызғаныштың қызыл итін үргізуге тырысқандар өздерінің қара ниеттерінің жазасын Алла тағаладан алды да", — дейді ақын "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында.

Бірде Айтақын Әбдіқал Оңғарсыноваға барып, Алматыдағы Мақатаев көшесіне ақиық ақынның ескерткішін орнату жөніндегі ойын айтып, осыны биліктегілерге жеткізуді өтінеді. Сонда ақын "Арманың қиялға бергісіз әрі пікірің де орынды. Бірақ ағаң екеуіміз жайлы отқа май құйып жүрген қазақтар не дейді? Фариза Мұқағалиға ескерткіш қою керек деп жанын салып жүр екен демей ме?" деп күлген екен.

Ол Ленин комсомолы орталық комитетінің, Қазақ КСР жоғары кеңесінің құрмет грамоталарымен, "Парасат", "Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ, ақын қыз республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкері болған.

Фариза Оңғарсынова өзінің ақындық миссиясы туралы "Ақын" атты өлеңінде жазып кеткендей:

Ақынның нәзік жүрегі

малдан тоңар гүл еді.

Халқының махаббатымен

ақсұңқар құстай түледі,

ел ғана — тұғыр, тірегі.

Әділет үшін жан салып,

алдында тұрсын қанша алып —

шындыққа жетпей тынбайды,

қияметтерге қарсы ағып,

баурайды сонда бал шабыт.

Сұлулық пенен пәктіктен

рақат күткен, бақ күткен,

шығып кеткенше ақтық дем,

арпалысып өтер қасқайып

күңкілмен, бұқпа сақтықпен.

Аялап туған ел, жерін,

өнерін, тілін, ерлерін

қастерлер елдің туындай.

Аяла халқым, суынбай

Бұқардың мұрагерлерін!

Алаш жұрты қазақтың біртуар қызы, ақын, халық жазушысын ақтық сапарға 2014 жылдың 23 қаңтарында шығарып салды. Қоғам қайраткерінің 75 жасқа қараған шағында күтпеген жерден дүние салуы елді есеңгіретіп жіберді. Қаралы жиынға келген жұрттың қарасы қалың болды. Бүгінде ақынның артында талай ұрпаққа сый болып өшпес мұра қалды.