Әлем

Әлемдегі ең ежелгі мамандық белгілі болды – сіз ойлағаннан мүлдем басқа кәсіп

Ғалымның айтуынша, ежелгі тайпа өкілдері бақсылар ауа райын, сәттілік пен адамдарды басқарады деп сенген
Sputnik

АСТАНА, 17 желтоқсан — Sputnik. Бақсылықтан басқа ешқандай кәсіп әлемдегі ең көне мамандық болып саналмайды. Олар өзгелерге беймәлім әрі түсініксіз дүниелерді болжай білген.

Мұндай қорытындыны Гарвард өнер және ғылым жоғары мектебінің зерттеушілері жасады, деп хабарлайды РИА Новости.

Адамдар бақсы-балгерлерге неге сенеді?

Жобаны басқарған ғалым Манвир Сингх шаманизм адам қызметінің ең алғашқы саласы болды деген сенімде. Оның зерттеуі Phys.org сайтында жарияланыпты.

Сингх атап өткендей, ежелгі тайпалар сиқыршылар ауа райын басқарып қана қоймай, өмірдегі тағы бір қатар жайттарды бақылауында ұстайды деп сенген. Оның үстіне бақсылар жеке тап ретінде ерекше құрметке, жоғары билікке ие болыпты.

Алайда кез келген адам бақсы мамандығын игере алмайды. Көбінесе үміткер бұл атаққа ие болу үшін инициация процесінен өтуге тиіс болатын. Барлық сыннан сүрінбей өткен соң ер адам тайпаның сыйлы мүшесіне айналып, елдің бәрі оның сөзіне құлақ асатын болған.

"Осы инициация процесі шаманизмді барлығына қолжетімді өзге кәсіптерден ерекшелейді", — деп атап өтті Сингх.

Ғалымның айтуынша, тайпа өкілдері кез келген қызметке араласуға құқылы болған, бірақ адам бақсы жолына түссе, одан ешқашан бас тартпайтын еді.