Спорт

Головкиннің жеке бапкері Қазақстан құрамасын жаттықтырады

Кенжебаевтың басшылығымен жастар құрамасы Азияның бес чемпионатында барлығы 30 алтын жүлде иеленіп, 1-орын алды
Sputnik

АСТАНА, 15 желтоқсан — Sputnik. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері болып Ғалымбек Кенжебаев тағайындалды, деп хабарлайды бокс федерациясы.

"Канелоның" промоутері Головкинді жеңгелі оның психикасына алаңдап жүргенін айтты

Кенжебаев 2006 жылдан бері Қазақстанның жастар құрамасының бапкері болған еді. Оның бапкерлік өтілі 35 жыл. Ол 1998 жылдан 2005 жылға дейін танымал қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жеке жаттықтырушысы болған.

"Қазір құрама біраз тоқырап тұр, дайындық барысы бірнеше жылдан бері еш өзгеріссіз, — деп атап өтті Қазақстанның бокс федерациясының бапкерлік штабпен жұмыс бойынша вице-президенті Юрий Цхай. – Сол себепті бас бапкер ретінде жаңашылдықты жақсы көретін, шәкірттері үнемі жоғары жетістіктерге жеткен адамды тағайындауды жөн көрдік".

Бұрын құраманың бас бапкері қызметін он жылдай уақыт бойы Мырзағали Айтжанов атқарған.

Ғалымбек Кенжебаевтың жетекшілігімен жастар құрамасы Жастар Олимпиада ойындарында 2018 жылы екі алтын жүлде, Азияның бес чемпионатында барлығы 30 алтын жүлде иеленіп, 1-орын алды.

2014 жылы Қазақстанның жастар құрамасы әлем чемпионатында жалпы командалық бірінші орынды иеленген.