АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің шығысында алтын өндіру кәсіпорнын іске қосты, дп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Индустрияландырудың бес жылдығына арналған телекөпірде Шығыс Қазақстан облысынан тау-кен металлургия кешенінің өкілдері байланысқа шықты.
"Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны" ЖШС бас директоры Юрий Овчинниковтің айтуынша, заманауи тау-кен кешені жетекті технологиялар мен жабдықтарды қолдана отырып салынған. Аталған кәсіпорын алдағы 9 жылда алтын кенін ашық әдіспен өндіруге, кейін жерасты өндіруге көшуге мүмкіндік береді.
"Тау-кен кешенінің өнімділігі жылына 2 миллион тонна кенді құрайды", — деді Овчинников телекөпір барысында.
Сондай-ақ, Қарағанды облысынан Sary-Arka Copper Processing компаниясы да Елбасымен тікелей байланысқа шықты. Алмалы Алмалы кен орнында катодты мыс өндіру зауыты сынақ ретінде іске қосылған. Қазіргі таңда барлық сынақ жұмысы аяқталып, алғашқы мың тонна өнім шығарылды. Зауыт 550 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етпек.
Қазақстан президенті екі кәсіпорын да елге өте қажет екенін атап өтті.
"Бақыршық кен орнында 44 тонна металл алтыны өндіріледі. Жалпы, Қазақстан енді жылына 85 тонна алтын өндіретін деңгейге шығып отыр. Бұл өте зор көрсеткіш. Әлемдік ауқымда біз алғашқы ондыққа кіретін шығармыз", — деді Назарбаев.