АСТАНА, 11 желтоқсан — Sputnik. Атырауда "Тамаша" сауда орталығына келушілер эскалатордан құлап түсті. Төтенше жағдай салдарынан екі әйел мен үш жасар бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады "Мой ГОРОД".
Зардап шегушілердің туысының айтуынша, оқыс оқиға 8 желтоқсанда эскалатордың тұтқаларының бірі бұзылуы салдарынан болған.
Қарт әйел қолы мен аяғын жарақаттап алғаны белгілі болды, сондай-ақ оның құлағы тілініп кеткен, екінші зардап шегуші аяғынан жарақат алған.
"Сауда орталығының әкімшілігі орнында болмай шықты. Бізге демалыс күні болғандықтан олар дүйсенбіде келеді деп түсіндірді. Күзетшілер жедел жәрдем шақырды, облыстық ауруханада дәрігерлер егде жастағы әйелдің құлағын таңып берді. Алайда бірнеше сағаттан кейін қан кете бастап, ауруханаға қайтып баруға мәжбүр болды ", — деп жазды әлеуметтік желіде жәбірленушілердің туысы.
Сонымен қатар, сауда орталығының күзетшілері мен сатушылары мұндай оқиға алғаш рет емес екенін айтады. Бұған дейін басқа келушілер ақаулы эскалатордан зардап шеккен. Қызметкерлердің айтуынша, эскалатордың таянышы ұзақ уақыттан бері жұмыс істемей тұрған көрінеді. Тұтқаларға бұл жақтың таянышы жұмыс істемейтіні жөнінде ескерту жапсырмалар жабыстырылған.
"Алайда барлық адам бұл жапсырмаларға назар аудара бермейді ғой, әлдекім оқи алмайды, енді біреудің қолында бала болуы мүмкін. Сауда орталығы қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жай ғана жапсырмамен шектелмей, едәуір нақты шаралар қабылдау тиіс. Немесе эскалаторды өшіріп тастасын, — деп толықтырды жасырын автор.
Сауда орталығының әкімшілігі оқиғаның болғанын растап, зардап шегушілерден кешірім сұрады.