АСТАНА, 10 желтоқсан — Sputnik. Дәл қазір Маңғыстау облысында тұрғындарға 1%-пен кредит беріліп жатыр. Көптен бері қолға алынған жоба жүзеге асты. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде "Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберіндегі Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары" тақырыбында өткен баспасөз конференциясында өңір басшысы Ералы Тоғжанов айтты.
Сонымен қатар, әкім осы жобаға қатысты әртүрлі алып-қашпа әңгіменің болғанын жасырмады. Осы орайда, алға қойылған негізгі үш мақсат болғанын айтып өтті. Біріншіден — ақшаны айналымға жіберу, екіншіден — жаңа өндіріс орындарын құру, үшіншіден — осы өндіріс орындары арқылы халықты жұмыспен қамту.
"Өндіріс орындары пайда болса, біз салған ақшаны үш жылдан кейін қайтарып аламыз. Яғни бұл салық арқылы келетін ақшалар. Сол себепті ақшаны айналымға жіберіп отыру тиімді. Біртіндеп орта шағын бизнеске 3 миллиард, келесі жылы 6 миллиард, арғы жылы 9 миллиард теңге жұмсаймыз", — деді әкім.
Тағы оқыңыз: Арман Тосқанбаев қазақстандық бизнесмендерге несие алмауға кеңес берді
Бұдан өзге әкім Маңғыстау облысы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша 24% көрсеткішке ие болып отырғанын айтты. Бұл аталған аймақтағы басты бағыттардың бірі болғандықтан, міндетті түрде алдағы жылдары жүзеге асырылмақ.