Қоғам

Баланы қырқынан шығару дәстүрі туралы не білеміз?

Қазақ жаңа туған баланы қырық күнге дейін сыртқа шығармай, бөтен көзге көрсетпей ұстайды. Қырық күн өткен соң қырқынан шығару дәстүрін жасайды. Бұл дәстүр кеше пайда болған жоқ
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 желтоқсан — Sputnik, Айгерім Таубайқызы. Халықтың түсінігінде бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік "өтпелі кезең" қауіпті, қатерлі саналады. 

Жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Сәбиді қырық күн бойы тұзды, сабынды немесе маралшөп салынған суға алма-кезек шомылдырып отырады. Тұзды суға шомылып өскен баланың денесі шымыр болады, аурудан қорғайды. Өскенде жарасы тез жазылатын болады. Ал сабынды су денесіндегі микробтарды тазартады. Маралшөп қосылған су баланың тез ширауына көмектеседі. Ал қырық күннен аман өткен нәрестені қарақұлақтанды деп қуанып, қырқынан шығару тойын жасайды. 

Ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет

"12 жасқа дейін емізген". Маман сәбиді емшектен қалай дұрыс шығару керектігін айтты
Баланы қырқынан шығарудың өзі жайдан-жай шыққан жоқ. Мұндай салт жасалмаған баланың еті мен сүйегі бірікпегенін білегінен ұстап байқауға болады. Қырық күнге дейін баланы "тіл тиеді", "сұқ өтеді" деп тіл-көзден сақтаған. Ешкімге көрсете бермеген. Яғни, ана үшін де, бала үшін де бұл уақыт – қауіпті кезең. Қырқынан шықпаған бөпені көруге үлкендер де талпынбаған. Жаңа туған сəбиге əке көзі жаман тиеді. Сол үшін əкесінің өзі балаға сұқтанып қарап, мейірленбеген.

Мұндай кезде сәбидің көзі де біртүрлі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз болады. Бұл уақыттарда əлі жердің баласы болып есептелмейді. Баланы қырқынан шығарған кезде екі көзі жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды. Білегін ұстағанда ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады. Демек, сəбиді қырқынан шығару – ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет.

Баланы қырқынан қалай шығарады?

Əйел мен ер адамның күш-қуатында, жаратылысында өздеріне тəн ерекшелігі бар. Əдетте, ұл бала болмысынан төзімді, қайсар болып туады. Сондықтан 37- 39 күнде қырқынан шығарады. Ал бұл дəстүр қызға міндетті түрде қырық күн толтырып жасалады. Тіліміздегі "Əйел қырық шырақты" деген сөз де осы жаймен байланысты айтылса керек. Кей адам қыздың қалың малы көп болсын деп қырқынан 40 күннен асырып шығарады.

Балаға ең жиі қойылатын ТОП-20 есімнің мағынасы немесе ат қоярда нені ұмытпаған жөн
Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс сөлкебай сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс — адалдықтың белгісі, күміс салынған су — ең таза су (арам су, уланған ас құйылса күміс ыдыс қараяды) болып есептеледі және оған жын-шайтан жоламайды.

Қалыптасқан ғұрып бойынша шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс əшекейлер салынады. Əйелдер білезік, жүзіктерін бөлісіп алады. Сәбидің "сүт тырнағын, "қарын шашын" осы уақытта алады. Баланы шомылдырып болған соң, "қарын шашын" алады. Оны ақ шүберекке тұмарша етіп түйіп, бесікке қадап қояды. Ал, "сүт тырнағын" адам баспайтын жерге немесе "ұрпағы көп болсын" деп жеміс ағашының түбіне көміп тастайды.

Мұндағы тағы бір ерекшелік, бала мазасызданып жылағанда, дұрыс ұйықтамағанда үлкендер "бала қырқын күтіп жүр" деп жатады. Дəстүрдегі жөн-жоралғыларды əйелдер ғана атқарады. Мұндай салт жасалған сəби адам қатарына қосылды, қауіпті кезеңнен өтті деп саналып, ел ішіне шыға бастаған.

Жаңа туған ана жұртпен көп араласпауы керек

Әйел адам босанғаннан кейін 40 күн бойына қан келіп тұрады. Мұны медицина тілінде "лохия" деп атайды. Бұл кезде әйелдің денсаулығы өте әлсіз болады. Түрлі инфекцияны жұқтырып алуы мүмкін. Сол себепті, жаңа туған ана жұртпен көп араласпауы керек. Мүмкін болса, бір бөлмеде күтінгені жақсы.

Мағжанның педагогикасы

Мағжан Жұмабаевтың "Педагогика" еңбегі баланың дені мен жаны сау болуына арналғанын біреу білсе, біреу білмес. Мағжан Жұмабаев кітабында "Баланы шомылдыру" деп арнайы бөліп қарастырған. 

"Баланы шомылдыру оны кірден тазартады. Бойын жеңілдетеді, еңсесін көтереді.

Балаға күнде айтылуы тиіс 30 сөз
Жаңа туған баланы шомылдыратын судың жылылығы үш айға дейін Рьюмер бойынша – 29 градус. Үшінші айдан жыл аяғына дейін 28 градус, екінші жылда 27 градус, мұнан былайғы жылдарда 26-25 градус болып, бала өскен сайын төмендей берсін. Ең төмендегенде 22 градустан кем болмауға тиісті. Жаңа туған баланы су ішінде 5 минут, ай жарымдық баланы 8 минут ұстау керек. Бұдан артық ұстауға болмайды. Бала әлсіреп қалады.

Әуелгі тоғыз күн ішінде тәулікте екі рет, ай жарымға дейін бір рет, 6 айға дейін жетіде 3-2 рет, екі жастан соң жетіде бір шомылдырып отыру керек. Баланы тамақ берердің, ұйықтаудың алдында шомылдыру артық. Баланы шомылдыратын үйдің жылылығы 17-18 градустан жоғарырақ болсын.

Баланы шомылдырып болған соң, әсіресе, қолтықтарын, мойнын, шабын жақсылап қарау керек. Көзін, құлағын, басын таза ұстау керек. Былық қолыңмен баланың көзін тазалаушы болма. Неше түрлі көз ауруы осыдан болады. Тамақ бергеннен кейін баланың аузын тазалап отыру керек. Таза шүберекті қайнаған суға малып, шынаяққа орап тазарт. Есін білген баланы ас ішкеннен кейін аузын шайқауға үйрету керек. Аузы иісті болмайды, тісі бұзылмайды. 

Пісуіне, шынығуына тұзды судың пайдасы бар. Ал енді, баланы маймен сылау тіпті де дұрыс емес. Май терінің тесіктерін бітеп тастайды. Еңсені көтертпейді. Ауырайтады, кірлетеді, терлетеді. Баланы “өс, өс, өс!” деп денесінің құрыс-тырысын жазу аса теріс болмас. Бірақ еп керек. “Өс, өс, өс!” деп баланың бір жерін шығарып алып жүрме", — деп жазған Мағжан Жұмабайұлы.