Мәдениет

Ақан Сатаев Лондон Олимпиадасының чемпионы жайлы фильм түсіруге кірісті

Фильмге Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірбаяны арқау болады
Sputnik

АСТАНА, 7 желтоқсан — Sputnik. Танымал қазақстандық режиссер Ақан Сатаев бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірбаяны негізінде "Боксер" кинолентасын түсіру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

"Достар, біз жаңа, ауқымды және қызықты жобаға кірісіп жатқанымызды қуана хабарлаймын", — деп жазды Ақан Сатаев Instagram-да.

Кинорежиссердің айтуынша, "Боксер" фильмінің сценарийі рингте көптеген жетістікке жеткен атақты қазақстандық боксшы Серік Сәпиевтің өмірбаянына негізделмек.

Лондон Олимпиадасының чемпионы Жібек жолы ауылында сабақ беріп жүр

2004 жылы Серік Сәпиев бокстан Қазақстан чемпионы атанды, ал 2005 және 2007 жылдары бокстан әлем чемпионатында Қазақстан туын чемпион ретінде көтерді. 

2007 және 2009 жылдары Сәпиев Азия чемпионы атанды. 2009 және 2011 жылдардағы әлем чемпионаттарында қола және күміс жүлде алып, 2010 жылы Азия ойындарында алтын медаль иеленді.

Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасының финалында жарыс қожайыны, британиялық Фредди Эвансты жеңіп, 69 килограмм салмақта Олимпиада чемпионы атанды.

Лондон Олимпиадасының қорытындысы бойынша Серік Сәпиев 1936 жылдан бері Олимпиада ойындарының ең білікті боксшысына беріліп келе жатқан Вэл Баркер кубогын алды.