Қоғам

Түмен қазағы: Отанда тұру – бәрімізге бұйырмаған бақыт, бағалаңыздар

Қандасымыз Есенғали Ыбыраев Түмендегі қазақтардың тыныс-тіршілігімен таныстырып, жырақта ел бірлігі үшін алаңдап жүргенін айтты
Sputnik

АСТАНА, 5 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбыраев аталған аймақта туып-өскен. Бүгінде Гүлжан есімді әйелі мен Гүлмира есімді бір қызы бар. Төрт атадан бері Түменде тұрып жатқандықтан, Ресейде өзімен бірге жүрген туған-туысы көп. Десе де, ол мұның барлығы ешқашан да атажұрттың орнын толтыра алмайтынын айтады. 

Түркиядағы қазақ: әке-шешем атажұрты туралы жылап отырып айтады
"Атажұртта бар уайымың ұмытылады"

"Өзім дүниеге келген отбасында бес баламыз. Олардың екеуі — ұл, үшеуі — қыз. Мен ұлдардың үлкенімін. Жанымда туған-туыстарым өте көп. Бірақ әрдайым туған жердің қара топырағын аңсаймын. Қуанышымызға орай, Астана-Түмен рейсі ашылып, арасында тарихи отаныма келіп тұрамын. Ұшақпен шекарадан өткен сәттегі сезімді ешнәрсемен теңестіре алмаймын. Жусанның иісі мұрныңды жарып, өлеңдетіп жатар төсегіңе келе жатқандай күй кешесің. Өзіңді барынша еркін ұстайсың. "Мен туралы жұрт не ойлар екен?" деп алаңдамайсың. Бар уайым-қайғың ұмытылады. Себебі, туған елің сені кез келген қалпыңда қабылдайтынын білесің", — дейді ол.

Есенғали Ыбыраев өмірінің атажұрттан жырақта өтіп жатқанына қарамастан, бір сәтке тарихи отанын естен шығармайтынын айтады. Осы орайда, қазақ елін өзі арқылы өзге ұлт өкілдеріне тек жақсы жағынан көрсетуге тырысып бағуда. Жыл сайын 9 мамырда Түмендегі қазақтар Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарының суретін ұстап, әскери шеруге қатысады. Спорттық және мәдени шараларға тұрақты түрде атсалысып, барша қазақ жиналатын кештер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, аталған аймақтағы қазақтар Солтүстік Қазақстан облысымен тығыз байланыста. Өздеріне керекті қазақ тіліндегі кітаптарды осы өңірдегі әкімдіктен алып отырады.

Тағы оқыңыз:

"Өкінішке орай, біз тұрып жатқан аймақта тек қазақ тілінде оқытатын мектептер жоқ. Бастапқыда ұйымдастырмақ болған едік, бала саны жетпеді. Сол себепті ана тіліміз ұмыт болмасын деген оймен жексенбі сайын қазақ тілі курстары өтеді. Оған балалар мен жастар, тіпті, кішкене бүлдіршіндер де қатысады. Гастрольдік сапармен елді-елді аралайтын шығармашылық ұжымдар да жетерлік. Жуырда 22 желтоқсан күні тәуелсіздік мерекесіне орай Түмен облысында қазақ мәдениеті күндерінің жабылуына орай үлкен гала концерт ұйымдастырғалы отырмыз. Шара барысында конференциялар, мастер-кластар өтеді. Мұнымен қатар, осы аптада Ресейдің түкпір-түкпіріндегі қазақтардың құрылтайы өтеді", — деп бөлісті Есенғали Ыбыраев.

Назарбаевқа айтар өтінішім бар – Омбы қазағы
Төраға Түмен қазақтарының басты өмірлік мақсаттары туралы айтып берді. Ол — ата-аналардың балаларына міндетті түрде жоғары білім беруге талпынуы. Яғни техникум немесе колледж емес, міндетті түрде балаларын алыс-жақын шетелдерге немесе қалаларға жіберіп оқыту. Сондай-ақ, ол қазақтардың прокуратура, ішкі істер министрлігі, қаржы, экономика және банк саласында жұмыс істейтінін атап өтті. Арасында генералдар жоқ болса да, полковниктер жетерлік.

"Қазақ дәстүрін еуропаландырған емеспіз"

Қандасымыз әрдайым түрлі шара ұйымдастыруға көмектесетін "Отандастар" қорына алғыс білдіріп, аталған қордың жас та болса, көп іс тындыратынына сүйсіне қарайтынын жеткізді. Бұдан өзге ол Түмен облысында қазақтардың дәстүрге әлдеқайда берік екенін айтып өтті.

"Келесі сөздеріммен Қазақстандағы қандастарымды ренжітіп аламын ба деп қорқамын (Күлді). Десе де, Түмен қазақтары тарихи отандағы қандастарға қарағанда әлдеқайда дәстүрге берік. Біз ешбір дәстүрді еуропаландырып жіберген жоқпыз. Бағзы замандардан қалай келе жатса, сол қалпында сақталды. Тойда беташар да болады, қалың мал да бар. Тіпті, соңғы кезде Қазақстаннан асаба шақырту сәнге айналып келе жатыр. Сондай-ақ, мұнда қазақтар көбінесе қазақтармен құда болып жатады", — деді ол.

1 / 6
Есенғали Ыбыраевтың отбасымен бірге түскен суреті
2 / 6
Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбыраевтың бала күнгі суреті
3 / 6
Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбыраев
4 / 6
Есенғали Ыбыраев, Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы
5 / 6
Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбыраев
6 / 6
Ерғали Ыбыраев Олжас Сүлейменовпен бірге

Кейбір қазақтар көп уақыттан бері бір үйде тұрып жатса да, бір-бірімен танысуға, ұлтын сұрауға ұялатын кездер болады екен. Мысалы, бала күндерінен бір үйде, бірақ әртүрлі подъезде тұрып келген Қанағат пен Айым бір-бірін күнде көріп жүрсе де, тек қазақ жастарының отырысы кезінде ғана танысқан. Тіпті, Қанағат Айымды бастапқыда татар қызы деп ойлап қалған. Сондай-ақ, төраға тұрақты түрде 70-ке жуық қыз-жігіт жиналатын кештердің ұйымдастырылатынын айтады.

"Қазақстанда ажырасуға жеңілдеу қарайтын сияқты"

Соңғы уақытта Түменде де жастар арасында кеш отбасын құру сәнге айналып келе жатқанын жасырмады.

"Расымен де, біздің де жастар кеш отбасын құрып жатыр. Олар үшін бірінші орында карьера мен өмірде белгілі бір жетістікке жету тұрады. Өзім де, әскерге барып, оқуға түсіп, бесінші курста оқып жүрген кезде шаңырақ көтерген болатынмын. Ол заманда 19-21 жаста кәрі қыз, сүрбойдақ атанып үлгеретін едің.

Статистикалық мәліметтерден Қазақстанда ажырасулардың өте көп болатынын білемін. Бірақ, Түменде мүмкіндігінше жасы үлкендер жұбайлардың отбасылық өмірде тіл табысып кетуіне көмектесіп отырады. "Анау маған дұрыс қарамады, орынсыз күлді, артық сөз айтып қалды" деп ажырасып кетіп жатқан ешкім жоқ. Ал Қазақстанда бұл нәрсеге жеңілдеу қарайтын сияқты", — дейді Есенғали Ыбыраев.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы

"Қалай сарқыт алатындары шошытты"

Бұдан өзге қандасымыз қазақтың қайда жүрсе де, мақтанғанды ұнататынын жасырмады. Айтуынша, ең бастысы, қазақтар құр сөзбен мақтанбайды. Керісінше сол мақтанға лайық болуға тырысады. Мұның барлығын ол ата-ананың баласына "Ұят болады" деп берген тәрбиесімен байланыстырды. Осы тәрбиенің арқасында Түменде ашықтан-ашық өзін мақтай беретін қазақтар жоқтың қасы.

"Әрине, барлығына бірдей топырақ шашпаймын. Бірақ өзге аймақтарда бір-бірімен жарысып, басып озғысы келіп тұратын той иелерін көремін. Меніңше, бұл мүлдем дұрыс емес. Бір таныстарым Қазақстанға барып жұрттың қалай сарқыт алатынын көріп қатты шошыған. Ет кесілмей, бата оқылмай жатып тойға келген қонақтар сарқытты пакет-пакетке бөліп алып салып жатады екен. Әп-сәтте дастарханда ас қалмайды. Қуанышыма орай, мұндайды өз көзіммен көрген емеспін. Тек жұрттан естігенім. Түменде керісінше той иелері қонақтарға сарқыт алғыза алмай әлек болады", — дейді қандасымыз.

Есенғали Ыбыраев, Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы

"Адам жас болған сайын тәуелсіз келеді"

Мұнымен қатар, Есенғали Ыбыраев неліктен Түменнен өзге аймақтарға көшкісі келмейтінінің себебін түсіндірді. Осы күнге дейін Мәскеу секілді алып шаһарлардың жұмысқа байланысты көптеген ұсыныс келіп түскен екен. Осы орайда, ол Түменнің табиғаты да, экономикалық жағдайы да халық үшін барынша жайлы екенін айтып өтті. Әсіресе, балаларға барлық жағдай жасалып, спорттық, музыкалық мектептердің көп екеніне тоқталды. Ресейдегі үздік цирк пен драма театры да аталған аймақта орналасқан екен. Өзі Түменге отбасы жоқ кезде көшіп келген.

"Шыны керек, жүрегімде екі отан бар. Бірі — Қазақстан, екіншісі — осы Түмен. Бірі жақсы, екіншісі жаман деп бөліп-жара алмаймын. Әрқайсысының өзіндік орны мен құны бар. Жырақта жүрсем де, күн-түн демей қазақ деген елімнің игілігі үшін еңбектенемін. Мұнда ешбір ұлт өкілі "Қазақ деген жаман екен" деп айтпаса деп тілеймін. Сондай-ақ, тәрбиенің 90%-і отбасында берілетінін білгендіктен, ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлерімізді әрқайсымыз балалардың бойына сіңіруге тырысып жүрміз. Біз Қазақстанға бір күнде көшіп кете алмасақ та, бұл арман-тілегімізді балаларымыз орындайтын сияқты. Болашақта өзімнің балаларым Қазақстанда білім алады деп жоспарлап жүрмін. Олар сол жақта қаламын деп жатса таңғалмаймын. Себебі, адам қаншалықты жас болған сайын, соншалықты тәуелсіз келеді", — деді ол.

Есенғали Ыбыраевтың құрылтай кезінде түскен суреті

Сондай-ақ, 90-жылдары Қазақстан тәуелсіздік алғанда көптеген қазақ отбасының тарихи отанына көшіп кеткеніне тоқталды. Олардың көп бөлігі туған жерлеріне бірден сіңісіп кетсе де, араларында қарапайым жұмыс таба алмай қиналғандар да бар. Осының салдарынан олар Түменге қайтып келуге мәжбүр болған. Есесіне оларға Қазақстандағы туыстары жиі келіп тұрады.

Мұнай саласында білімі бар қазақтар Атырау, Ақтау және Оралға қоныс аударған.

"Елбасы біз үшін дәуір батыры"

Осы орайда, Есенғали Ыбыраев Қазақстанда барынша өзін жайлы сезінсе де, отбасы алдындағы парызы ұстап тұратынын айтады. Түменде төрт атадан бері тұрып жатқандықтан, жақындары сол жердің топырағында жерленген. Мұнымен қатар, ол жырақта жүріп Қазақстанның береке-бірлігі үшін алаңдайтынын жеткізді.

Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбыраев

"Қазақстандықтарға бірінші кезекте береке-бірлік тілейтін едім. Мұндай елге қызыға да, қызғана да қарайтындар жетерлік. Оны мойындауымыз керек. Ішкі бытыраңқылықтан сақ болғанын қалаймын. Елбасы біз үшін дәуір батыры. 90-жылдары ол кісі болмағанда біздің тағдырымыз не болатынын білмеймін. Біз тәуелсіз Қазақстанымыз бен Астанамыздың бары үшін мақтанамыз. Елдің беделі түсіп қалмаса екен деп өз жұмысымызды сапалы жасауға тырысамыз. Бірде Мысырда демалып жатсам, араб азаматы мені сұқ саусағымен нұсқап "Қазақстан" деп жатыр. Сол сәтте қалай қуанып қалғанымды білсеңіздер ғой. Мейлі құжат бойынша Ресей азаматы болсам да, жүрегім мен қаным қазақ. Еліме амандық пен бірлік тілеймін. Өз отаныңда тұрып, өсіп-өркендеу — бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақыт. Осы бастарыңызға қонған бақты бағалай білсеңіздер екен деймін. Аман болыңыздар", — деп тілек білдірді Есенғали Ыбыраев.

Мұнымен қатар, автономия төрағасы барша қазақстандықты Түменге қонақ болуға шақырып, өзі тұрған аймақты қуана-қуана таныстыратынын жеткізді.