Қоғам

"Сөзі мірдің оғындай". Қазақстанда желіде белсенді 10 ер азамат

Олардың бірі әлеуметтік желі қолданушыларының белгілі бір салада білімін арттыруға тырысса, екіншілері түрлі суретімен ашуландырғанды ұнатады
Sputnik

АСТАНА, 3 желтоқсан — Sputnik. Қазақстанда әлеуметтік желінің өзіндік орны бар. Мысалы, Facebook, Instagram секілді желілер табысты ер адамдардың көптігімен ерекшеленеді. Олар әдемі де сауатты жазып қоймай, көпшілікті өздерінің ырқына көндіріп, сөзін өткізе біледі. Ал қоғам өз кезегінде бұл жандардың сөзіне құлақ асып, оларға еліктеуге тырысады. Назарларыңызға Қазақстанда әлеуметтік желіні ұтымды пайдалана білген саясаткерлер мен кәсіпкерлерді ұсынамыз.

Нұртас Адамбай 

Қазақстандықтарды "Сәбина келін", "Тараз" сынды фильмдерімен қуантқан режиссер Нұртас Адамбайдың 453 мың оқырманы бар. Ол өзекті мәселелерге қатысты өзінің көзқарасын жария етіп, постына жазылған пікірлердің көп бөлігіне жауап қайырып отырады. Көп жағдайда мұны жеңіл әзілмен жеткізгенді ұнатады.

Әлішер Елікбаев
Қазақстандағы танымал Angel-In-Us кофехана желісінің директоры Әлішер Елікбаевтың әлеуметтік желіде 101 мың оқырманы бар. Оның арқасында қазақстандықтар Samsonite чемодандары мен LG смартфондарын сатып алып, Angel-In-Us кофеханасына бара бастады. Бастапқыда саяхатының суретін ғана жариялайтын блогер соңғы уақытта бизнеске қатысты жазбаларын бөлісіп жүр. Оны Қазақстандағы атышулы блогерлердің бірі деуге болады.

Мұхамеджан Тазабеков

"Асыл Арна" директоры Мұхамеджан Тазабековтің желіде 31 169 оқырманы бар. Діни арна директорының қазақтілді аудитория арасында беделі биік. Ол посттары арқылы Қазақстан халқын ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, дінге құрметпен қарауға шақырып отырады.

Айдос Сарым

Саясаткер Айдос Сарым желідегі парақшасында Қазақстанның ішкі саясатына, мемлекеттік тілдің мәртебесіне және өзге де ұлттық құндылықтарға қатысты пікірін бүкпесіз айтып отырады. Ол өзге әріптестерінен посттарын екі тілде жазатындығымен ерекшеленеді.

Арман Тосқанбаев

Небәрі 27 жасында оннан астам кәсіптің тізгінін ұстаған Арман Тосқанбаев та әлеуметтік желідегі белсенді азаматтардың бірі. Ол парақшасында жобасына қатысты жаңалықтарды ғана бөлісіп қоймай, ата-анамен қарым-қатынас, болашақ жар таңдауда қателеспеу сынды тақырыптарда да өз ойын бөліседі. Сондай-ақ, қазақстандық жастарды мотивациялық посттарымен жігерлендіргенді ұнатады.