Қоғам

"Мақұлықсың ба?" Арман Тосқанбаев табысқа жетуде көрген қиындықтарын айтып берді

Бүгінде Арман Тосқанбаев жеті бірдей кәсіптің тізгінін ұстап отыр. Жас та болса, көптеген жетістікке қол жеткізіп үлгерген ол студенттерге бастысы диплом емес, шынайы білім мен біліктілік екенін айтады
Sputnik

АСТАНА, 3 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. 27 жастағы Арман Тосқанбаев бүгінде жеті кәсіптің тізгінін қатар ұстап, қазақстандықтарға бизнес жүргізудің қыр-сырын үйретіп жүр. Балалық шағы Қарағанды қаласында өткен. Ата-анасы жалданып Астана қаласында құрылысшы болып жұмыс істегендіктен, өзін орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін әжесі тәрбиелеген. Әжесі жастайынан орыс әдебиетімен таныстырып, шет тілдерін меңгеруіне септігін тигізген. Өзінен бөлек отбасында бес жас кіші інісі бар. Айтуынша, балалық шақтарында тойып тамақ ішкен күндері сирек. 

"Бай бизнесменнің баласы емеспін"

"1997 жылы 1-сыныпқа бардым. Сол уақытта үйде ескі буржуй пешпен жылынатынбыз. Үйде жейтін тамақ та болмады. Жалпы әке-шешемнің жоғары білімі болған емес. Анам ыдыс жуып, ас пісірген. Ал әкем шахтада жұмыс істеді. Яғни мен жұрт ойлағандай бай бизнесменнің баласы емеспін. Бірақ әкемнің айтқан сөздері менің бай бизнесмен болуыма үлкен әсерін тигізді", — дейді кәсіпкер.

Арман Тосқанбаев бизнеспен 15 жасынан бастап айналысқан. Мектепте оқып жүрген шағында компьютерлік техникаларды жөндеп, кейін 2008 жылы банкрот болып жарияланған "Валют Транзит" банкінің техникаларын сатып алып, оларды қайта сату арқылы ақша тапқан. Томск қаласында білім алып жүріп кесілген материалдарды сатумен айналысады. "Байланыс комбинаты" ЖШС-де жүйелік әкімші және техникалық директор қызметін атқарған.

Арман Тосқанбаев, қазақстандық бизнесмен

2013 жылы "Шон-БИ" телекоммуникациялық компаниясының директоры міндетін атқарып, көп ұзамай келесі жылы қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығын құрады. Алғашқы табысты кәсіптерінің бірі — 2014 жылы қолға алған гидропонды қондырғылар өндірісі. Оны "Бизнестің жол картасы — 2020" бағдарламасы бойынша 3 миллион теңгелік грант жеңіп алу арқылы ашқан.

"Мақұлықсың ба?" деп күлген"

"Бұл бизнесті қолға алмас бұрын он шақты компания ашып, оларды жауып үлгерген едім. Компания тек Қазақстан көлемінде ғана емес, ТМД шеңберінде жұмыс істейді. Біздің қондырғылар өте сапалы және бағасы бәсекелестерден 2-3 есе арзан. Бұдан кейін 2015 жылы Айбек Есенов есімді әріптесім екеуіміз "OTAN" деп аталатын сағат компаниясын аштық. Барлық банк "Мақұлықсың ба? Қазақстанда қайдағы сағат компаниясы?" деп күліп, несие беруден бас тартты. Алдымен, тапсырыс пен ақшаны алып, кейін сол ақшаға сағат жасауға кірістік. Екі-үш айдың ішінде жиналған 40 мың долларға сағат құрастырып шықтық. Бүгінгі таңда бағасы 165 мың теңгеден басталып, 10 мың долларға дейін барады. Ең қымбат түрлерін көбінесе Ресей мен Қытай азаматтары алады", — деді ол.

2016 жылы Арман Тосқанбаев тағы бір әріптесі Диас Тастанбековпен бірге базилик, руккола және т.б. өсімдіктерді жылыжайда сумен емес, тұманмен өсіреді. Кейін бұл өнімдерді Қазақстандағы мейрамханаларға сатады. Айтуынша, мұндай аэропоникалық жылыжай Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Араға бір жыл салып кәсіпкер криптовалюта компаниясын ашып, осы компанияда сербер атты крипто-әмиян шығарады. Сондай-ақ, ірі ғимараттардың макетін жасаумен айналысатын және әртүрлі аймақтағы адамдарға онлайн дәрігерлік көмек көрсететін жобалары бар.

Джек Ма, қытайлық кәсіпкер

"Бизнес туралы бірде-бір кітап оқымадым"

Көптеген кәсіптің басын шалып үлгергеніне қарамастан, Арман осы күнге дейін бірде-бір бизнес кітап оқып көрмегенін айтады. Мұның себебі де жоқ емес.

"Қазіргі таңда бизнес бастауға көмектесетін кітаптар өте көп. Бірақ олардың барлығы бір-біріне ұқсайды. Екіншіден, ол кітаптарда көбінесе Батыс елдердегі бизнесмендердің тәжірибесі жинақталған. Осы бизнес кітаптарды оқып көрмесем де, бір кітап жаздым. Ешкімге еліктеуге тырыспадым, тек өзімнің таза көзқарасым. Бір сөзбен айтқанда "Қазақстанда 0-ден бизнес бастау үшін не істеу керек?" деген сұраққа жауап бердім. Сондай-ақ, ішінде ата-анамен қарым-қатынас, болашақ жар таңдау тақырыптары да қамтылған. Расымен де, ерте үйленуді өз басым бір істі тындыру деп білемін. Өйткені, отбасы саған ертерек аяққа нық тұруыңа қай жағынан болсын септігін тигізеді. Бизнесте алға жылжуда әйеліңнің де қосар үлесі зор", — деді Арман.

Кәсіпкер болашақ жұбайымен Ресейдің Томск қаласында білім алып жүріп танысқан. Ол кезде өзі 20 жаста, ал сүйіктісі 19 жаста болған. Осы уақытта мамандығын қате таңдадым деп ойлағандықтан, ол елге қайтпақ болады.

"Мен Қазақстанға қайтамын. Менімен бірге барғың келсе бар. Қалғың келсе қал" деп ұсыныс айттым. Ол маған "Сенімен бірге барамын" деп жауап берді. Міне содан бері 7 жыл өтті. Арамыз бір сәт те суыған емес", — деді кәсіпкер.

Бойжеткен оқуын неліктен тастап келгенін ата-анасына өзі түсіндіреді. Жастардың бұл таңдауына екі тарап та қарсы болмаған.

Арманның айтуынша, біреудің көзқарасы, кітабы бәрібір адамға бейсаналы деңгейде әсер етеді. Яғни адам біреудің жолымен жүріп келе жатқанын кейде байқамай да қалуы мүмкін. Сондай-ақ, кітап оқып отыруға үнемі қозғалыста болғысы келетіні кедергі жасайтынын айтады. Осы орайда, ол өмірінде оқыған бір ғана кітапты еске алды. Ол — "Я вижу вас насквозь" кітабы. Оны әуеде бес сағат бойы ұшатынын біліп, өзімен бірге ұшаққа ала кіргендіктен оқыған.

Арман Тосқанбаев әріптесімен бірге

"Жұмысқа адам аларда түйсігіме жүгінемін"

Жас кәсіпкер қолға алған бизнестердің барлығы дерлік сан алуан. Мұның себебін ол кәсіп бастау үшін белгілі бір салада мықты маман болудың қажеті жоқ екендігімен түсіндірді.

"Менде өзің бастаған бизнеске қатысты барлығын білуің керек деген ұстаным жоқ. Меніңше, бұл қате көзқарас. Кәсіпкер болу — мамандық емес. Мысалы, сағат компаниясын ашу үшін маған оны жасайтын сапалы мамандар табу жеткілікті. Яғни кәсіпкер негізінен ұйымдастыру және қаржы мәселесін реттеп отырады", — деді ол.

Бүгінде кәсіпкер 170-тен астам қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Оларды жұмысқа алар кезде бірінші кәсібилігін, екінші адами қасиеттерін ескергенін айтады. Үшіншіден, міндетті түрде түйсігінің көмегімен жүгінеді екен. Десе де, өзіне тиесілі компанияларда жұмыс істейтін барлық адамның есімін жатқа білмейтінін жасырмады.

Мұнымен қатар, кәсіпкер инвесторлар мен несиенің көмегіне көп жүгіне бермейтінін айтады. Әсіресе, бизнесте тәжірибе болмаған кезде.

"Адамдар көбінесе бизнеске бір идеямен жанданып келеді. Бірақ біздің елімізде бизнес бастаған кәсіпкерлердің 95-99%-і банкротқа ұшырайды. Бұл — статистика емес, менің байқайтыным. Мысалы, адам тәжірибесі жоқ бола тұра 10 миллион теңге несие алды делік. Кейін ісі дұрыс жүрмей бұл ақшаны банкке қайтара алмай әлек болады. Тіпті, 2-3 бизнестің басын шалып үлгерсеңіз де, несие алмай қоя тұрған жөн. Несиені бизнесіңіз әбден дамып, өнімдеріңізді экспортқа шығаратындай дәрежеге жеткен кезде алған жөн", — деді ол.

Арман Тосқанбаев, жеке кәсіпкер

"Айналдырған екі джинсымның біреуі жыртылды"

Сондай-ақ, ол адамның болашақта табысты болуына жоқшылықтың әсері мол болатынын айтады. Осы орайда ол қарағандылық табысты бизнесмен Төлеген Мақатаевтың "Аш қасқыр жақсы аңшы, ал тоқ қасқыр жаман аңшы болады" деген сөздерін келтірді. Өзінің бұл теңеуде аш қасқыр екенін, материалдық жағынан да, білім тұрғысынан да кенде болғанын жеткізді. Мұнымен қатар, бүгінде Қазақстандағы табысты бизнесмендер қатарында болғанына қарамастан, ақшаны байлық деп есептемейді екен.

"Қолыма түскен ақшаны бірден жаңа жобаға салып отырамын. Бір жерден табыс тауып жатсам, үшінші-төртінші жоба қолға алынып жатады. Маған осы сәттегі сезімдер ерекше ұнайды. Мен сол нәрседен ләззат аламын. Қымбат үйде тұрып, мықты көлік мінуге қызыққан емеспін. Тіпті, өзімнің айналдырған екі ғана джинсы шалбарым бар еді, кеше біреуі жыртылған екен. Екіншісіне бояу жағылып қалған. Тіпті, кей адам секілді киім таңдауға көп уақыт жұмсамаймын. Киімді дүкенде киіп те көрмеймін", — деді ол.

"Бастысы диплом емес екенін түсінсе екен деймін"

Арман бүгінде 25-30 жастағы азаматтарға көңілі толмайтынын жасырмады. Айтуынша, қазақстандық жастардың көбісі университетте білім алу үшін емес, дипломға қол жеткізу үшін ғана оқиды. Кейін қолынан ешнәрсе келмейтін маман болып шығады. Мұның орнына ол жастарға өзі қызыққан сала бойынша қосымша курстар оқып алуға кеңес берді. Себебі, тәжірибе табысқа жетер жолда үлкен рөл ойнайды.

"Мысалы, Алматы, Астана қалаларында оқудың бір жылдық ақысы 1 миллион теңге делік. Білім әрдайым керек. Бірақ, осының үстіне студент өзі қызығып қосымша курстар оқып алса, нұр үстіне нұр болатын еді. Кейін ЖОО бітіргенде жұмыс берушілер сені басы бүтін алатын болады. Қазіргі таңда еңбек нарығында 25-30 жастағы қолынан түк келмейтін азаматтар өте көп. Олар бір жерде такси жүргізушісі немесе күзетші болып жұмыс істеп жүр. Яғни жастар бастысы диплом емес екенін түсінгенін қалаймын", — деді ол.

Сырт көзге қарағанда салқынқанды болып көрінгенімен, жүрегінің түбінде атына сай арманшыл. Ең бастысы, армандарын небәрі жарты жыл, бір жыл ішінде жүзеге асырып отырады екен. Осы орайда ол күн сайын арманға жеткізетін бір қадам жасап отыруға шақырды. Сондай-ақ, күнделікті жатарда "Мен арманыма жету үшін бүгін не істедім?" деген сұрақ қоюды ұсынды. Айтуынша, бұл сұрақты жауапкершілігі жоқ және өзіне сенімсіз адамдар ғана қоймайды.

Кәсіпкер Арман Тосқанбаев әйелімен бірге

"Қорықпа, Арман. Бәрі жақсы болады…"

Кәсіпкер арманға жетер жолда қиын күндердің болғанын да еске алды. 2014 жылы компаниясы банкрот болып, әріптестерінің барлығы өзінен теріс айналған. Қарызға әбден батып, серіктері компаниядан шығарып жіберген. Мұндай қиындықтарды бастан кешіргеніне қарамастан, бүгінде бірінші Алланың қолдауымен, екінші өз күшімен табысқа жеткенін айтады.

"18 жастағы Арманға сәлем жолдайтын болсам, "Қорықпа, сенде бәрі жақсы болады" деп айтушы едім. Шыны керек, ол уақытта кеудемде үлкен қорқыныш болды. ҰБТ-дан тиісті балл жинай алмай, оқуға түспей қалған едім. Іштей "Мен неужели неудачникпін" деп ойладым. Бірақ, Аллаға шүкір барлығы жақсы болды. Осы орайда, оқырмандарына әлем сізден теріс айналса да, өзіңізге қолдау білдіріңіз, өзіңізді шын жақсы көріңіз деп айтқым келеді. Себебі, дәл осы сәт ертеңгі тарих және оны сіз қайта басынан бастап жаза алмайсыз. Өмірдің әр сәтін өлім алдында тұрғанда өкінбейтіндей етіп сүру керек", — деп тілек білдірді Арман Тосқанбаев.