Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 2 желтоқсан

Бұл - Григориан күнтізбесіндегі 336-шы күн. Жыл соңына дейін 29 күн бар.
Sputnik

2 желтоқсанда не болғанын білесіз бе? 

Бұл күннің несімен әйгілі екенін оқыңыз.

2 желтоқсанда қандай қызықты оқиғалар болды

Бүгін, 2 желтоқсанда, екі өлшемді компьютерлік графика дизайнерлерінің кәсіби мерекесі тойланады. Бұл күннің неге таңдалғаны айтпаса да түсінікті шығар; 2D – 2 December, қазақ тілінде екінші желтоқсан дегенді білдіреді. Компьютерлік графика дизайнерлерін компьютерлік ойындар шығарушы компаниялар іздейді. Суретшілердің өзі айтқандай, олар "мультфильм стилінде" жұмыс істейді. Бұл кәсіп иелері әдетте кейіпкерлерді, олардың сырт-келбетін, мінезін, қимылын өздері ойлап тауып, кейін салады.

Желтоқсан айында күн аяз болса да, Жаңа Зеландияда – Шәркей күні тойланады.

Шәркей 1957 жылдан бастап өндіріле бастаса да, бұл мереке 2007 жылдан бері ғана аталып өтеді екен. ХХ ғасырдың ортасында жаңазеландиялық бизнесмен Морри Йок Жапонияға барып, жергілікті халықтың аяқ киіміне қызығыпты. Үйіне оралған соң ұлы екеуі Гонконгтан резеңке импорттап, шеберханада шәркей жасап бастайды. Отыз жылдан соң олар бизнесін сатып жібереді, қазір де Жаңа Зеландия және басқа елдердің дүкендерінен Сэнфорд Индастрис компаниясының шәркейін кезіктіруге болады.

Ұлттық шәркей күнін тойлау кезінде кей кеңселерде қызметкерлер жұмысқа шәркей киіп келеді. Біразы осындай пайдалы өнертабысты мақтан тұтса, кейбіреулер жай қалжың үшін киеді. Қалай болғанда да, кез келген мерекенің көңілді өткені жақсы емес пе!

Бүгін тағы бір тамаша мереке – Мамықтай жұмсақ нәзіктік күні. Біреулер үшін бұл мереке мамықпен, оның жібектей жұмсақтығымен байланысты. Халықтың басым көпшілігі жұмсақ мамық заттарды, тондарды, табиғи жүннен тігілген мамық бас киімдерді жақсы көретіні тегін емес қой. Ал тағы біреулер үшін бұл мереке жалпы нәзіктікті еске салады. Өйткені адам іс-әрекеті, өзін ұстауы, көзқарасы, сөйлеген сөзі арқылы нәзіктікті білдіруі мүмкін. Олай болса бүгінгі күнді нәзіктікпен өткізуге тырысайық. Бір-бірімізге жылы сөздер айтып, күлімсіреп қарап, отбасы-ошақ қасында, сүйген адамдарымыз бен достарымыздың ортасында болайық.

2 желтоқсанда әлемде болған тарихи оқиғалар

1870 жылы Рим Италия астанасы атанды;

1942 жылы әлемдегі бірінші басқарылатын тізбектік ядролық реакция жүзеге асырылды;

1971 жылы кеңестік планетаралық "Марс-3" станциясы әлемде алғаш рет Марсқа сәтті қонды;

2010 жылы смартфондарға арналған VoIP қосымша – Viber шығарылды.

2 желтоқсанда Қазақстанда қандай оқиғалар болды

1992 жылы Мәскеуде Халықаралық инженерлік академияның жалпы жиналысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы академияның академигі атанды;

2005 жылы Алматыда Қазақстандағы бірінші Пиротехникалық өнімдерді сынақтан өткізу орталығы ашылды.

2005 жылы Алматыда қоқысты қайта өңдеу бойынша сынақ алаңы пайдалануға берілді;

2008 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының ІІ съезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Халықаралық мәдениет пен діндер орталығы құрылды.

2 желтоқсанда әлемде дүниеге келген танымал тұлғалар

1923 жылы грек әншісі, әлемнің ірі опера театрларының орындаушысы Каллас Мария дүниеге келді;

1946 жылы итальян модельері, 1978 жылы "Gianni Versace" маркасының негізін қалаған Джанни Версаче дүниеге келді. Дизайнер өмірден озған соң марка атауы "Versace" болып өзгертілді;

1958 жылы ресейлік дизайнер, "Valentin Yudashkin" Сән үйінің топ-менеджері, Валентин Юдашкиннің әйелі Марина Юдашкина дүниеге келді;

1981 жылы америкалық поп-әнші, "Грэмми" сыйлығының иегері, биші, әндер авторы, киноактриса Бритни Спирс дүниеге келді.

2 желтоқсанда Қазақстанда кімдер дүниеге келді

1929 жылы жазушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қаратай Құттыбаев дүниеге келді;

1940 жылы қазақ ақыны, Қазақстанның Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Тоқтарбек Қызықбай дүниеге келді;

1949 жылы спортшы, еркін күрестен спорт шебері Жұмабек Жарқынбаев дүниеге келді.

Ай күнтізбесі

Ай Таразы белгісінде орналасады. Бүгін басыңызға біртүрлі идеялар келуі мүмкін, оларға шектеу қоймай, сезімге ерік беріп, бұрын батылыңыз жетпеген арманыңызды орындаңыз. Анда-cанда шектен шығуға болады, бұл бойыңыздағы қуатыңызды арттырып, алға жетелейді.