АСТАНА, 30 қараша — Sputnik. Шымкенттегі Гагарин көшесінің бойында жантүршігерлік жол апаты болды. 7 жасар қызды жүк көлігі қағып кетті. Жеткіншек оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Қайғылы оқиға түскі сағат 15:00 шамасында болған. "Рено" маркалы жүк көлігін жас жігіт жүргізген. Ал жеткіншек жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болған. Мектептен үйіне келе жатқан көрінеді.
Перзентінің денесін көрген анасына да дәрігерлердің көмегі қажет болды. Қыз бала отбасындағы үш перзенттің бірі екен, деп жазды otyrar.kz.
Жол-көлік оқиғасы болған жерге жүргізушінің де туыстары келді. Шымкент қалалық полиция департаментінің жол-көлік апатын тергейтін анықтаушылары шұғыл түрде жұмысына кірісті.
Тәртіп сақшыларына оқиғаның қалай болғанын 1992 жылы туған жүргізушінің өзі түсіндіріп берді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Айта кетейік, мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Оқу жылы басталғалы Шымкентте осыған ұқсас он шақты оқиға болған.