Мәдениет

Данэлия неліктен Димаш ұсынған ақшадан бас тартқанын түсіндірді

Димаш Құдайберген Лондондағы концерттен түскен қаржыны жас таланттардың халықаралық байқауға қатысуына жұмсайтынын айтқан еді
Sputnik

АСТАНА, 30 қараша — Sputnik. "Балалар Евровидениесі" байқауына қатысып, 6-орынды иеленген Данэлия Төлешова неліктен Димаш Құдайберген ұсынған ақшадан бас тартқанын түсіндірді. 

"Енді қатыспайды". Данэлияның анасы ешкім күтпеген мәлімдеме жасады
Танымал әнші Димаш Құдайберген Лондон қаласында өткізген концерттен түскен қаржыны Қазақстаннан шыққан жас таланттардың халықаралық маңызды байқауларға қатысуына жұмсайтынын айтқан-ды. Осы орайда, ол жуырда "Балалар Евровидениесі" байқауына қатысқан Данэлия Төлешоваға қаржылай көмек көрсетпек болды. Алайда бұл ұсыныстан жас әншінің отбасы бас тартқан екен. Мұның себебін Данэлияның өзі Instagram парақшасында түсіндірді. 

"Маған қаржы жағынан көмектеспек болған Димашқа алғысым шексіз. Бірақ, менің ойымша, ол қаражат менен де мұқтаж отбасылар мен балаларға берілуі тиіс. Оның үстіне Димаш қол ұшын созбақ болған сәтте тиісті барлық ақша төленіп қойған еді", — деді жас әнші.

Әрі қарай ол осы байқауға қатысу үшін кімнің қаржылай көмек көрсеткеніне тоқталды. Туыстарының айтарлықтай көп қаржы жұмсамағанын да жасырмады.

Тағы оқыңыз:

"Достар, барлығына түсінікті болу үшін айтып жатырмын. Хабар менің аталған байқауға қатысуым үшін ақша төледі және байқауға бірге барған команда мен туыстарымның жататын орнын, жолақысын өтеді. Ал бұл айтарлықтай үлкен сомадағы қаражат", — деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, Данэлияның қысқы демалысында Украина еліне барып, сол жердегі мамандармен бірігіп жұмыс жасағалы отырғанын айтып едік. Сондай-ақ, жас таланттың анасы оның бұдан былай маңызды байқауларға қатыспайтынын айтты.