АСТАНА, 28 қараша — Sputnik. Қырғызстанда тұратын қазақ қызы сәби күнінде тастап кеткен анасын іздеп жатыр. Айжан есімді тұрғын құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініпті, бірақ еш нәтиже болмаған, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Анасы Айжанды алты жасында Бішкекте тұратын танысына тастап кеткен, деп мәлімет берді Қырғызстанның ІІМ баспасөз қызметі.
"Әкесінің аты Леонид, ал анасыныкі – Тамара екені есінде, ол өзі қазақ екен, Қазақстанға жиі барып тұратын. Айжанның төлқұжаты жоқ. Жасы нешеде екенін де нақты айта алмайды", — деп хабарлады ведомство.
Бойжеткен анасын сурет арқылы іздеп жатыр – Қырғызстан мен Қазақстанның құқық қорғаушылары жедел іздеу шараларын жүргізді, бірақ еш нәтиже болмады. Сондықтан қыз БАҚ көмегіне жүгінген, оның да септігі тимепті.
Қырғызстан ІІМ азаматтардан ескі сурет бойынша Айжанның анасын табуға көмектесуді сұрайды.
Әйелді таныған біреу болса, республиканың криминалдық милициясына келесі нөмірлерге хабарласа алады: (0555) 30-46-83, (0703) 03-22-74, (0312) 26-63-17, 26-62-61.