АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Украинада әскери жағдайдың енгізілуі Қазақстанмен әуе қатынасына ешқандай әсер етпейді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне Қазақстанның инвестиция және даму министрлігі азаматтық авиация комитеті хабарлады.
"Украинамен әуе қатынасына ешқандай өзгеріс енгізілмейді", — деп мәлімет берді ААК баспасөз қызметі.
Демек, азаматтар екі ел арасында еш кедергісіз ұшатын болады.
Атап өтсек, қазақстандықтар Еуропаға көбінесе Киев арқылы ұшады.
Sputnik Қазақстан анықтағандай, МАУ (Ukraine International Airlines) украин әуекомпаниясы рейстер кестесіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отырған жоқ. Бұдан бұрын хабарланғандай, 3 желтоқсаннан бастап 29 сәуірге дейін МАУ Астана-Киев тікелей рейстерін тоқтатады. Алматы-Киев бағдарлы рейстер кестеге сәйкес орындала береді.
Сейсенбіде Қара теңіздегі оқиғадан кейін Украина парламенті 28 қарашадан бастап елдің он өңірі мен Азов-Керчь ішкі суларында әскери жағдайдың 30 күнге енгізілгені туралы президент жарлығын мақұлдады.
Естеріңізге сала кетейік, 25 қарашада Украина теңіз флоты кемелері Керчь бұғазының маңында ұсталғаны белгілі болды. "Бердянск", "Никополь" және "Яны Капу" кемелері Теңіз құқығы туралы БҰҰ Конвенциясының 19 және 21-баптарын бұза отырып, Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен. Ұстау кезінде Украинаның үш әскери қызметкері жеңіл жарақат алды. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді.