АСТАНА, 26 қараша — Sputnik. Украина президенті Петр Порошенко Ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс кеңесінің (ҰҚКК) әскери жағдай енгізу туралы шешіміне қол қойды.
Құжатқа сәйкес елдегі әскери жағдай осы жылдың 26 қарашасынан бастап келесі жылдың 26 қаңтарына дейін күшінде болады, деп хабарлады РИА Новости Украина президентінің сайтына сілтеме жасай отырып.
Елдің қарулы күштерінің бас штабына жартылай мобилизация жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ, Украина басшысының жарлығына сәйкес, Қауіпсіздік қызметі қарсы барлау, лаңкестікке қарсы және қарсы диверсия режимдерін, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуі қажет.
Сонымен қатар, әскери жағдай Жоғарғы Раданың мақұлдауынан кейін ғана күшіне енеді.
Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі Азов теңізінде орын алған оқиғадан кейін елде әскери жағдай енгізді.
Естеріңізге сала кетейік, таңертең Украина теңіз флоты кемелері Керчь бұғазының маңында ұсталғаны белгілі болды.
Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) мәліметінше, "Бердянск", "Никополь" және "Яны Капу" кемелері Теңіз құқығы туралы БҰҰ Конвенциясының 19 және 21-баптарын бұза отырып, Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен. Кемелер Ресейдің уақытша жабылған су аумағына кіріп, бірнеше сағат бойы ресейлік кемелердің талаптарына жауап бермей, маневр жасаған.
Үш украиналық кеме Ресей жағалауынан 20 шақырым қашықтықта ұсталды.
Ұстау кезінде Украинаның үш әскери қызметкері жеңіл жарақат алды. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Ресейде мемлекеттік шекараны бұзу туралы қылмыстық іс қозғалды, ел Азов теңізіндегі ахуал бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрады.