АСТАНА, 26 қараша — Sputnik. Он екі жастағы әнші Данэлия Төлешова "Балалар Евровидениесінде" "Өзіңе сен" әнін орындап, алтыншы орын алды. Қазақстан бұл вокалдық конкурсқа алғаш рет қатысып отыр.
Бірде-бір әділқазы мүшесі Қазақстанға ең жоғары балл (12) қоймады. Есесіне көрермендердің дауыс беруінде Данэлия 103 балл жинап, нәтижесінде 171 балмен алтыншы орынға тұрақтады.
Жеңіске Польша жетті — 215 балл, екінші орында Франция — 203 балл, үшінші орын әділқазылардың үздігі атанған — Австралии, 201 балл.
Ресей – 122 балмен 10-орында. "Балалар Евровидениесін" өткізіп отырған Беларусь – 114 балмен 11-орында.
Атап өтсек, Беларусь астанасында 16-шы "Балалар Евровидениесі" байқауы өтті. Конкурстың он бес жылдық тарихында ең көп жеңіске жеткен Грузия қатысушылары – 3 рет, сонымен бірге бұл ел балл саны бойынша рекордтық нәтиже көрсетіпті — 239. Беларусь, Ресей және Мальта қатысушылары екі-екіден жеңімпаз атанған.