Қоғам

"Қымбат ота мен бірнеше несие". Қазақстандықтар Құран кәрімді неге сатып жатқанын айтты

Қарағанды облысындағы Әнет баба мешітінің наиб имамы Құран кәрімді қымбат бағаға сатуға еш жерде тыйым салынбағанын айтады
Sputnik

АСТАНА, 25 қараша — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Дәл қазір Қазақстанда бірнеше ғасыр бұрын жазылған Құран кітаптар саудаға салынып жатыр. Олардың бағасы үш мың теңгеден басталып, 15 миллион теңгеге дейін барады. Осы орайда қасиетті кітаптардың неліктен әртүрлі бағада сатылып жатқанын жарнама иелерінің өздерінен тілшісі сұрап көрді. 

Отқа оранған ғимаратта Құран кітабын өрт шарпымаған - видео
Бірі өзінде бар кітаптың бірегей нұсқа екенін, екіншілері шұғыл отаға ақша қажет болғандықтан, сатуға мәжбүр болып отырғандарын айтады.

"Қазір қолымда жалғыз қызым бар. Сол онкологиялық ауруға шалдығып, шарасыздан кітапты сатқалы отырмын. Бастапқыда Шымкент қаласында ота жасатқан болатынбыз. Бірақ артынан қатерлік ісіктің қауіпті түрі екені анықталып, Түркия еліне баруымыз керек болып отыр. Жарнаманы алғаш 2017 жылы берген едім. Өкінішке орай, әзірге ешкім хабарласпады", — деді Зухра Қораева.

Аталған Құран кітапты үйінде 35 жылдан бері сақтап келеді. Оны өзінің анасы немересі туған кезде сыйға тартқан. Десе де, мұндай қасиетті кітапты сатқалы отырғаны үшін өзін кінәлі сезінетінін жасырмады.

"Маған "Кітапты сатпа, мұның отбасыңа кері әсері тиеді" деп қорқытып хабарласатындар бар. Шыны керек, кітапты өзім де еш сатқым келмейді. Шарасыздықтан осындай қадамға барып отырмын", — деді кітапты 5 миллион теңгеге бағалап отырған әйел.

Тағы оқыңыз:

Ал Александр Петров өзі өзге дін өкілі болса да, мұсылмандардың бұл кітабын ерекше бағалайтынын айтады. Бүгінде қарызға белшеден батып, үш несиесін жаба алмай отырғандықтан сатпақ ниетте екенін жеткізді.

3 миллион теңгеге бағалаған кітабы 1907 жылы басылып шыққан. Бір ғасыр бұрынғы кітапты кеңес дәуірі кезінде ата-анасы арнайы іздеп жүріп сатып алған екен. Кітап славян және араб тілдерінде жазылған.

"Жарнаманы желіге жариялағаныма бір аптадан аспады. Сол себепті ғана адамдар хабарласпай жатқан болар деп ойлап отырмын. Бастапқыда дәл осындай кітаптар қанша теңгеге сатылып жатыр екен деп іздеп көрдім. Яғни өзгелер ұсынған бағаға қарап отырмын. Мысалы, араб ханзадасы менің жарнамам туралы білсе, көп ақша ұсынатынына сенімдімін. Өйткені, бұл нағыз қасиетті мұраның өзі", — деді Александр Петров.

Әлемге әйгілі актер рухани шөліркегенде Құран оқитынын мойындады
Әрі қарай Астана қаласының тұрғыны Құранды сатып тапқан ақшаға несиесін ғана жауып қоймай, мұқтаж жандарға көмектесуге әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ, өзіне имамдардың хабарласып, бұл кітапты мешітке табыстауын сұрайтынын айтты.

"Имамдарға бұл кітапты сатқан соң он шақты арзан Құран алып бергім келеді. Яғни бір мешітті ғана емес, бірнеше мешітті қасиетті кітаппен қамтамасыз етсем деген ойым бар. Оның үстіне мен қолымдағы кітаптың айтарлықтай ерекше екенін сезіп тұрмын", — деді ол.

Ал Құран кітапты 1 миллион теңгеге бағалаған Марат Айбатов оны әйелінің қазіргі денсаулық жағдайына байланысты сатуға мәжбүр болып отырғанын айтады. Сондай-ақ, қолындағы кітаптың артықшылықтарына тоқталды.

"Дәл қазір әйелім ауырып жатыр. Оның дәрілерін алу үшін көп ақша қажет. Қатерлі ісікке шалдыққан адамға қандай ем жасалатынын өздеріңіз білесіздер. Қолымдағы кітап 1907 жылы басылып шыққан. Яғни арада 111 жыл өтіп отыр. Араб тілінде жазылған және жанында славян тілінде түсіндірмесі бар. Бет саны 1 000-нан асады. Ешбір парағы жұлынбаған", — деді ол.

Тағы оқыңыз:

Ал Сайрам қаласының тұрғыны Нұрсәбит Ілиясов бұл кітапты сатудағы мақсатын жария етпеуді өтінді. Мұның орнына қолындағы кітаптың төрт миллионға бағалануына қандай нақты себептер барына тоқталды.

Қолындағы кітап Екатерина патшайымның ұлы Александр І кезінде басылып шыққан. Кітап беттерінде арнайы құралдың көмегімен қараңғы жерде ғана көрінетін белгілері бар. Яғни оларды ақшаны тексергендей етіп көруге болады. Оны өзіне молда атасы табыстаған.

Алтынмен жазылған Құран Тәжікстан кітапханасына қойылды
"Атам маған үш Құран кітапты мұра етіп қалдырды. Соның ең қадірлісі осы. Тағы біреуі 1900 жылы басылып шыққан. Ішінде Екатерина І патшайымның рұқсат мөрі де бар. Қай жерде басылып шыққаны да толықтай жазылған. Мұндай кітап басқа жерден де табылатыны сөзсіз, десе де менікіндей парағы бүтіні көп кездесе бермейді. Дәл қазір басымда қаржылай қиындық болғандықтан сатуға мәжбүр болып отырмын. Оның үстіне қолымда тағы екі Құран кітап бар", — деді ол.

Осы орайда Қарағанды облысы Әнет баба мешітінің наиб имамы Ысқақ Әбдірахманов Құран кітаптарды сатуға қатысты пікірін бөлісті.

"Құран кітапты сатуға ешқандай тыйым салынбаған. Оны жазған, басып шығарған адамның еңбегі мен қағаздың құны бар. Ал бағасының әртүрлі болуы тікелей сапасы мен жазылған уақытына байланысты шығар. Себебі, ежелгі уақытта жазылғандары тарихи мұра болып есептеледі. Оның үстіне көнеде қасиетті кітаптарды қолмен жазып көшіретін болған. Кейін осы еңбектері үшін ақыларын алып отырған. Қазіргі таңда технология дамыса да, шығын шығатыны сөзсіз", — деді имам Ысқақ Әбдірахманов.

Сондай-ақ, ол Біріккен Араб әмірліктері, Түркия секілді мемлекеттерде Құран кітаптардың қор есебінен басылып шығып, тегін таратылатынын айтып өтті.