Фото

Қарғыс атқан 13 қонақүй: түнеген адамның үрейін ұшырады - фото

Sputnik

Мұндай қонақүйлерде жүйкесі сыр бермейтін мықты жандар ғана тұра алады. Соған қарамастан бұл жерлерге туристер көп барады дейді, яғни шытырман оқиғаларды жақсы көретін, тылсым жайттардан қорықпайтын авантюристер арнайы іздеп келеді екен.

Біртүрлі тасыр-тұсыр еткен дыбыстар шығып, дүниеден озған адамдардың жұмбақ елестері көрінеді, кейде жантүршіктірер музыка үні де естіледі…

Бұл аңыз ба, әлде туристердің қиялынан туған оқиғалар ма – дәл тауып айту қиын. Сол үшін де бұл қонақүйлер жұрттың қызығушылығын туғызады.

Әлемнің үрейге толы 13 қонақүйі жайлы Sputnik Қазақстан фотолентасынан біле аласыз.

1 / 13
Канададағы Fairmont Banff Springs Hotel қонақ үйі. Қарасаң көз тоймайтын зәулім ғимарат ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне кіретін Banff ұлттық саябағында орналасқан. Туристерді бұл қонақүйдің архитектурасы баурап алады, алайда кез келген адамның бұл жерге қонуға батылы жетпес. Қонақүйдің №873 бөлмесі туристердің зәре-құтын қалдырмайды - бұл бөлмеде кішкентай сәбилердің саусақ іздері пайда болады екен. Әрі бұл қонақүйдегі жалғыз елес емес, сонымен бірге Сэм есімді швейцардың, кезінде осы жерде өртеніп кеткен қалыңдықтың, жол апатынан қаза тапқан қызыл киімді әйелдің рухы адамдарды қорқытып, кезіп жүреді.
2 / 13
АҚШ-тың Колорадо штатының Эстес-Парк қаласындағы Stanley қонақ үйі. Дәл осы қонақүйде Стивен Кинг "Жарқырау" романының сюжетін ойлап тапқан, кейінірек осында роман желісі бойынша қысқа телехикая түсірілді. The Stanley 1909 жылы ашылып, бірден кең танымалдыққа ие болған: түнеп шыққан адамдар елес көріп, түсініксіз дыбыстар естігенін айтады. Қонақүй қызметкерлеріне сенсек, залда тұрған пианино өздігінен ойнай бастайды екен.
3 / 13
Австралияның Сидней қаласындағы Russell Hotel қонақүйі. 1800 жылы салынған. Кезінде бұл жерге теңізшілер тұрақтаған болатын, ал XX ғасырдың басында бубон обасы белең алғанда ғимаратта емхана ашылды. Содан бері қаншама жылдар өтті. The Russell Hotel Сиднейдің ең үздік қонақүйіне айналған, алайда өткен заманның елесі бұл мекеннен кетер емес: №8 бөлмеде әлі күнге дейін теңізшінің рухы бар, келген қонақтарға маза бермейді.
4 / 13
Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласындағы El Convento қонақүйі. Бұл арка, терраса және ішкі ауласы бар испандардың дәстүрлі зәулім үйі. Тарихқа көз жүгіртсек, XVII ғасырда мұнда Анна есімді жас қыз тұрған. Голландиялықтарға қарсы соғыста күйеуі қаза тапқан соң, бар ғұмырын Құдайға арнап, үйін шағын монастырьға айналдырыпты. Кейінірек үйі қонақүйге айналды, алайда келіншектің елесі әлі де дәліздерді кезіп, күйеуінің рухы үшін дұға оқиды.
5 / 13
Санкт-Петербург қаласында Гороховая, 64 мекенжайында орналасқан үй. ХХ ғасырдың басында қарапайым Кіріс үйі болған. Екінші қабаттағы пәтерлердің бірінде тылсым тұлға Григорий Распутин тұрған екен, оның рухы бүгінге дейін үй тұрғындарының тағдырына ықпалын тигізеді, "киелі ақсақалдың" елесі пәтерінен әлі кетпепті. Кезінде Гигорийға тиесілі болған бөлмелердің бірінде қазір суретші Александр Думченко тұрады. Осы шағын баспананы сатып алған Александр шалдың тыққан байлығы мен құпия қобдишасын бұрыш-бұрыштан іздеп, тіпті еденнің тақтайларын да алып тастаған. Алайда ештеңе таппапты, бірақ, өзінің сөзіне сүйенсек, Распутиннің елесін көріп, шабыт алғаны сонша - оның портреті мен икондарын сала бастайды. Суретшінің сенімі бойынша олардың емдік қасиеті бар.
6 / 13
АҚШ-тың Салем қаласындағы Hawthorne қонақүйі. Ескі Салем тұрғындардың пуритандық көзқарасымен көпшілікке танымал, XVII ғасырдың соңында "жалмауыздар қуғындалып", 20 адам өлім жазасына кесілген және екі жүздейі түрмеге түскен. Hawthorne қонақүйі сиқыршылық үшін айыпталып, өлім жазасына кесілген Бриджет Бишопқа тиесілі алма бағының орнында салынған-мыс. Қонақүйге келушілер түнде баланың жылаған дауысын естіп, мұздай суық қолдарды сезінеді, алманың иісі мұрын жаратынын айтады.
7 / 13
Англияның Плакли ауылындағы Elvey Farm қонақүйі. Плаклиді "он екі елес" ауылы деп атайды, олардың арасында мүштік тартатын сыған әйел, қара диірменші, көзден ғайып болатын монах тағы басқалары бар.
8 / 13
Италияның Флоренция қаласындағы Burchianti қонақүйі. XX ғасырда ашылып, бірден танымал болған қонақүйдің 11 бөлмесі де фарфор мен күміске толып тұр. Бұл қонақүйде бірнеше елес бар: орындықта тоқыма тоқып отыратын әже, бөлме жинап жүрген үй тазалаушы, көзге қызғылт болып көрінетін ақсақалдың бейнесі және тағы басқалары.
9 / 13
Мәскеудегі "Националь" қонақүйі ХХ ғасырдың басында салынған, Ресей астанасындағы ең сәулетті қонақүйлердің бірі. Кезінде жазушы Дмитрий Мережковский, ақын Зинаида Гиппиус, балет бишісі Анна Павлова, композитор Николай Римский-Корсаков және ағылшын жазушысы Герберт Уэллс тұрған. Кеңес дәуірінде біраз уақыт Владимир Лениннің өзі де тұрған екен. Қонақүй қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, сақалы бар тақыр бас ер адамның елесі шынаяқтан шай ішіп, жарықты жағып, өшіріп жүреді екен.
10 / 13
Queen Mary – Лос-Анджелес түбіндегі Лонг Бич портына мәңгі тұрақтаған алып кеме, қазір қонақүйге айналған. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде кемемен әр рейс сайын 15 мың әскерді тасымалдаған, олардың көпшілігі желдеткіштің жоқтығынан қаза тауыпты. Бұл кеме елестердің саны бойынша әлемде бірінші орын алады. Мәселен, Уинстон Черчилльдің каютасы жанында көзге көрінбесе де темекі түтінінің иісі шығады екен.
11 / 13
Үндістандағы Мумбай қаласының Taj Mahal Palace қонақүйі. 2011 жылы болған террорлық шабуылдан кейін аты бүкіл әлемге белгілі болды. Сонымен қатар мұнда қонақүй архитекторы Чамберстің елесі тұрады. Ол құрылыс бітер кезде Францияға кетіп, қайта оралғанда қасбетінің дұрыс салынбағанын көріп, қатты көңілі қалғаны сонша – өз-өзіне қол жұмсаған. Содан бері қонақтар да, қызметкерлер де оның ұнжырғасы түскен елесін ғимараттың ескі бөлігінен жиі көреді.
12 / 13
Hotel del Coronado, Сан Диего, Калифорния, АҚШ. 19 ғасырдың соңында Hotel del Coronado өңірдегі ең танымал әрі атақты қонақүйлердің бірі болған. Кейт Морган есімді қыздың жұмбақ қазасынан кейін жаман аты шыға бастады. Оның мәйіті қонақүйге жақын жерде жергілікті жағажайға апаратын баспалдақтан табылған. Бойжеткеннің елесі №302 бөлмеде тұрады. Үрейге толы осы бір қонақүйдің аумағында неше түрлі түсініксіз әрі тылсым жайттар жиі болады.
13 / 13
АҚШ-тың Арканзас штатындағы Crescent Hotel қонақүйі де елестерімен атағы шыққан. Келушілер олардың саны сегіз дейді. Бұл қорқынышты жерде неше түрлі жантүршігерлік жайттар болыпты-мыс, сондықтан қонақүйге түнеп шығуға батылы жететін адам кемде-кем.