АСТАНА, 21 қараша — Sputnik. Астанада "Нұрлы жол" вокзалында жас әйел есінен танып қалды. Мұны байқаған кезекшілер дәрігерлерді шақырып, олар келгенше алғашқы көмек көрсеткен.
Төтенше оқиға қарашаның 16-сынан 17-сіне қараған түні болыпты. Вокзал кешенін шолуға шыққан кезекшілер талып қалған әйелді байқайды. Қызметкерлердің бірі вокзалдағы дәрігер мен жедел жәрдем шақырып жатқанда, екіншісі оқиғаның себебін анықтамақ болған.
"Әйел адамның эпилепсиясы ұстағанын анықтап, мұндай жағдайда не істеу керектігін білетін кезекшілер дәрігерлер келгенше науқастың тынысын қалпына келтірді", — деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
Оқиға орнына келіп жеткен дәрігерлер әйел адамның аяғы ауыр екенін айтты. Сөйтіп, вокзал қызметкерлерінің батыл әрекеттерінің арқасында екі бірдей жан аман қалған.