Мәдениет

Димаштың әкесі оның Лондондағы концерттің алдында ауырып қалғанын айтты

Қанат Айтбаев ұлының алғашқы жеке ән кешін ұйымдастыруға көмектескен жандарға алғыс білдірді
Sputnik

АСТАНА, 21 қараша — Sputnik. Танымал қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев Лондонда өткен концертті ұйымдастыруға көмектескен әріптестеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ, жұлдыздың әкесі концерт алдында Димаштың ауырып қалғанын айтты.

Димаш Құдайбергеннің Лондондағы қайталанбас шоуы: қалай өтті?

"Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен Димаштың Лондондағы көптен күткен концерті де өз мәресіне жетті. Дайындық жұмыстары, көптеген қобалжулы сәт артта қалып, көңілдегі толқулар да басылды. Концерт алдында әр өңірдегі климаттың түрлілігіне байланысты Димаш біраз суықтап қалса да, сан алуан елден арнайы концертіне келген тыңдармандарының үмітін ақтап, көңілінен шығу үшін жан-тәнімен өнер көрсетті", — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Сондай-ақ, Қанат Айтбаев 45 елден келген Димаштың жанкүйерлерінің ыстық ықыласын, олардың Қазақстанға деген құрметін сезіну — үлкен қуаныш әрі зор мәртебе екенін айтып өтті. Концерттен түскен қаражатты Димаштың өзі қайырымды мақсатта жұмсауды жөн көрген екен.

Тағы оқыңыз: 

"Бірлесе көтерген жүк жеңіл" демекші, концерттің жүзеге асуына атсалысқан барлық әріптеске шын көңілден алғыс айтамыз! Концерттен түскен қаражатты Димаш өз қалауымен жас таланттарды қолдау қорына аударғысы келетін ниетін білдірді. Бұл жақсы бастаманы, игілікті істі біз де қуана құптадық. "Боламын деген баланың бетінен қақпа — белін бу" дейді халық даналығы", — деді Қанат Айтбаев.

Қырғыздың халық әртісі Димаш Құдайберген туралы не ойлайтынын айтты

Ол өткен жылы Астананың төрінде өткен "Бастау" атты аса ауқымды концерт мен Лондондағы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына зор алғысын білдірді.  

Естеріңізге сала кетсек, Димаш Құдайбергеннің "QD" атты алғашқы жеке ән кеші 20 қараша күні Лондонда өтті. Екі сағатқа ұласқан кеште әнші барлық әнді жанды дауыста орындады.