АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. Австралияда үйлену тойы кезінде қалыңдық жігітінің көзіне шөп салып жүргенін қонақтардың көз алдында әшкереледі.
Өзін Кейси деп атайтын қалыңдық қызойнақ кезінде сүйіктісі көзіне шөп салып жүргенін біліп қалған. Оның телефонына белгісіз нөмірден бірнеше хабарлама келген, деп хабарлады Сегодня.
SMS-те күйеу жігіттің белгісіз қызбен түскен бірнеше суреті болған. Кейбір фотосуреттер бірнеше ай бұрын түсіріліпті, алайда арасында таяуда ғана жасалған селфи де бар болып шықты.
Сондай-ақ, белгісіз жан болашақ күйеуінің басқа қызбен жазысқан хатының скриншоттарын жібереді, онда жігіті демалыс күндерін бірге өткізуді ұсынған. Ол аздай, мұндай сезімді ешқашан басынан өткермегенін айтыпты. Хат соңында құпия қыз: "Мен оған тұрмысқа шықпас едім. Сен ше?", — деп жазған.
Кейси еңіреп жылап жіберіп, хабарламаны құрбысына көрсетеді, ол күйеу жігітке қоңырау шалып, үйлену тойын тоқтатуға кеңес береді. Бірақ қалыңдық олай істемейді, опасыздан кек алуға шешім қабылдаған.
"Үйлену тойының алдында ұйықтамадым, ашуланатын немесе қандай да бір эмоцияны сезінетіндей жағдайда емес едім. Ұзақ уақыттан бері армандаған көйлегім маскарад костюмі сияқты болып көрінді. Мен үйлену тойы болмайтынын айғайлап айттым, сосын букетті қойып, телефоннан күйеу жігіттің көңілдесімен жазысқан хаттарын дауыстап оқып бердім", — дейді қапаланған қыз.
Масқара болған жігіт шіркеуден қашып кеткен. Ал Кейси есеңгіреп қалған қонақтарға мереке жалғасатынын, бірақ үйлену тойының орнына "адалдық пен шынайы махаббатты табуға құштарлық салтанаты" тойланатынын жария еткен.