АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Медицина ғылымдарының докторы, академик, Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиевтің Елорда Инфо сайтына берген сұхбатында инженер боламын деген бала күнгі арманы неге орындалмай қалғанын әңгімелеп берді.
"Дәрігер боламын деп ойламадым. Арманым инженер болу еді. Мектепте оқып жүргенде Ақтөбе химиялық зауытына экскурсияға бардық. Әрі ол уақытта инженер мамандығы өте беделді саналатын. Шымкент химия-технологиялық институтына хат жазып, олар маған бағдараламасын жіберіп, дайындала бастадым", — деп бастады әңгімесін медицина ғылымдарының докторы.
Осындай тәтті арманның жетегінде жүргенде әкесі ауыр дертке шалдығады. Дәрігерлер өңештің қатерлі ісігі деген диагноз қойған. Жасы небәрі 58-де болыпты.
"Үйдегі жалғыз ұл мен, ал қалғаны қыз балалар еді. Сол кезде әкемнің қиналғанын көрдім. Жақын адамыңның көз алдыңда қиналып өлгенін көргеннен жаман нәрсе жоқ. Әкем дүниеден өтердің алдында "дәрігер боламын, осы қатерлі дертті жеңемін" деп серт бердім", — деп сөзін жалғады Жақсылық Досқалиев.
Осылайша арманынан бас тартып, Ақтөбе медициналық институтына түседі. Бес жыл оқып, үздік диплом алады.
"Қазір балалар білімді ғой, екінің бірінде үздік диплом. Біздің кезімізде 480 түлектің небәрі 12-сінде ғана үздік диплом болып еді. 1979 жыл институтты аяқтаған соң аудан орталығындағы ауруханаға жұмысқа тұрып, 1986 жылға дейін еңбек еттім. Қарап тұрсам, ешкім қылтамақ ісігімен келер емес. Көп ойланып, ол дертті емдеп үйрену үшін Мәскеуге бару керек деп шештім", — дейді ол.
Өзінің айтуынша, Бүкілодақтық хирургия ғылыми орталығына барып, белгілі профессор Федор Черноусовтан тәлім алған.
"Көп дүниені содан үйрендім. Сертімде тұрдым деп ойлаймын", — деп түйіндеді академик.