ҚЫЗЫЛОРДА, 16 қараша — Sputnik. Қызылордада ішімдікке тойып алып әйелінің әпкесін өлтірген полицейге қатысты сот аяқталды.
"Алдымен сотталушы әйелімен сөзге келіп, оны соққыға жығады. Күйеуіне ренжіген әйел әпкесіне барып, болған жағдайды айтып берген", — деп хабарлады Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мамандары.
Марқұм жағдайды ретке келтіру үшін күйеу баласымен сөйлеспек болады. Ол сотталушыдан әйелін не үшін ұрғанын сұрап, оның үстінен құқық қорғау органдарына арыз жазғанын және алдағы уақытта күйеу баласының жұмысына барып, басшылыққа отбасында болып жатқан жайсыз жағдайларды жеткізетінін айтып қорқытады.
"Бірақ бұл уақытта сотталушы мас болған. Ол қолына пышақ алып, қайын әпкесінің кеудесіне сұғып алады", — деп хабарлады соттағылар.
Әйел есін жимаған күйі ауруханада көз жұмды. Қылмыскер сот алдында жауап берді.
Қызылорда облысында қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен ол ҚР ҚК 99-баптың 1-бөлігі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді.
Тағы оқыңыз: Отағасы жыныстық қатынастан бас тартқан әйелін өлтірді
Бұдан өзге ер адам полиция аға лейтенанты шенінен айырылып, жәбірленуші тарапқа екі миллион теңге (шамамен 5,4 мың доллар) көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.