АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Бүгін Астанада әр түрлі сала өкілдері бір уақытта латын әліпбиінде диктант жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл, бір жағынан, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етсе, екінші жағынан латын әліпбиін насихаттауға пайдасын тигізеді", — деді Еңсебай.
Тіл комитеті жалпыхалықтық диктантқа рухани жаңғыру туралы мәтін таңдаған. Қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Латын әліпбиіндегі диктант небәрі 30 минутқа созылды.
"Бұл жерде сен "2" немесе "3" алдың, қызметіңе әсер етеді деген дүние емес. Әр сала өкілдерінің әліпбиді қабылдауын, оған дайындығын анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондықтан ешкім ешкімге баға қоймайды. Қатысушылардың жұмысы пайыздық көрсеткішпен бағаланады", — деді "Руханият" КММ басшысы.
Еңсебайдың айтуынша, 50 мың адамның жұмысын 50 адамнан құралған жұмыс тобы екі-үш күн ішінде тексеріп шығады. Жұмыс тобының құрамына филолог ғалымдар, латын әліпбиін меңгерген мамандар кірген.
Еңсебай жалпыхалықтық диктантқа қазақстандықтар тарапынан қызығушылық зор болғанын атап өтті.
"Ешкім ешкімді қатысыңдар деп мәжбүрлеген жоқ. Біз әлеуметтік желілерге хабарландыру жарияладық, сонымен қатар бүкіл мекемеге хат жолдадық. Қатысқысы келмегендер бірден бас тартты", — деді ол.
Алтынай есімді мемлекеттік қызметші өз жұмысына "5" деген баға беріп отыр. Айтуынша, латын қарпінде диктантты екінші рет жазып отыр екен.
Оқулықтарды латын әліпбиіне аудару шығынын кім көтереді?
"Өте жақсы деңгейде өтті. Ұ, ү, ы деген әріптер біраз шатастыратыны болмаса, былайша қалғаны түсінікті. Өз жұмысыма "5" деген баға қоямын. Өйткені барлығын дұрыс жаздым деп ойлаймын", — дейді ол.