АСТАНА, 14 қараша — Sputnik. Маңғыстау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған сотында бұрынғы КВН ойыншысы Данияр Әлімбаевтың қазасына байланысты сот үкімі шығарылды.
Жергілікті Inaktau.kz порталы хабарлағандай, КВН ойыншысын өлтірген азамат 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек марқұмның әйеліне моральдық шығын ретінде үш миллион теңге төлеуге міндеттеледі.
Қылмысқа қатысы барлар "Бұзақылық" бабы бойынша екі жыл түрмеге қамалады.
Сот оларды Әлімбаевтың отбасына 500 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар, төбелес кезінде зардап шеккен тағы екі адамға моральдық шығын ретінде берілетін соманы үш сотталушы өзара бөліп төлейді – 100 және 50 мың теңге.
Қаза тапқан КВН ойыншысының туыстары үкіммен келіспей, шағым түсіргелі отыр.
Шабуыл 21 шілдеге қараған түні жасалған. Әлімбаев төбелес болып жатқан жерге кездейсоқ тап болып, аяғынан екі рет пышақ сұғылған. Ол ауыр хәлде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер өміріне араша түсе алған жоқ.