Қоғам

Маман әлеуметтік желіде қандай адамның жағымсыз пікір жазатынын айтып берді

Психоаналитик маман адамдардың боғауыз сөздер жазуына қорқыныш пен төсек қатынасының жоқтығы себеп екенін айтты
Sputnik

АСТАНА, 14 қараша — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Жағымсыз пікір — әлеуметтік желідегі өмірдің бір бөлшегі және онымен әркім түрліше күреседі. Кейде әлеуметтік желіде айтылған бір сынға бола адамдардың басы дауға қалып, жағдай сотқа дейін ұласып жатады.

Балаға күнде айтылуы тиіс 30 сөз
Мысалы, 2017 жылы Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіде белгілі сәнгер Жадыра Сахиева туралы жазамын деп басы дауға қалған еді. Сәнгердің айтуынша, әнші оны шошқаға теңеген. Алайда Меруерт Түсіпбаева бар болғаны қазақтың "Ит жоқта шошқа үреді" деген мақалын пайдаланғанын айтып ақталды. Осы пікірдің соңы сот процесіне ұласып, прокурор әншіні үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Соңғы отырыстарда Меруерт Түсіпбаева кешірім сұрап, бұл іс татуласумен аяқталды.

Желіде пікір жазудың сотқа ұласқан сәті жалғыз бұл емес. Десе де, бұған қарамастан қолданушылар жағымсыз пікір легін азайтқан жоқ. Белсенді блогер Серғазы Тоқтарбектің айтуынша, адамдардың неліктен жағымсыз пікір жазуға құмар келетінін бір сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Ол үшін әр адамның өміріне үңілу қажет.

Тағы оқыңыз:

"Әр адамның тәрбиесі әртүрлі болғандықтан, бұл сұраққа бірізді жауап беру қиын. Бір адам заманауи отбасында өседі, екіншісі қарапайым жанұяда тәрбиеленеді. Яғни желідегі көптің ашуын туғызған нәрсе біреуге қалыпты болып көрінуі мүмкін. Ал екіншісі үшін бұл аспан пен жердің төңкерілгенімен бірдей. Менің байқауымша, бізде көбінесе ашық-шашық киінетін қыздарға жағымсыз пікір лек-легімен жазылады. Бұл діни тәрбиемен байланысты шығар", — деді блогер Серғазы Тоқтарбек.

Ал Instagram желісінде 200 мыңнан астам оқырманы бар актер Серік Шәріп өзіне жағымсыз пікірлердің мүлдем дерлік жазылмайтынын айтып мақтанды.

"Шыны керек, кейде адамдардың неліктен жағымсыз пікір жазуға әуес болатынын түсінбеймін. Өмірде одан да қызық дүниелер көп қой. Өзіме келер болсам, маған оқырмандарым барынша жағымды пікір жазуға тырысады. Бірақ бұл көпшілігі танысым және туыстарым болғанымен байланысты деп ойлаймын (Күлді). Сондай-ақ, жағымсыз пікірді адамдар қызғаныштан және көреалмаушылықтан ғана жазады деп ойламаған дұрыс шығар", — деп хейтерлерді қорғады актер Серік Шәріп.

Ал психоаналитик Жанар Оспанова керісінше жағымсыз пікірлердің негізінен қызғаныш, көреалмаушылық, қызығушылық сынды сезімдермен байланысты болатынын айтады. Сондай-ақ, маман желі қолданушылары өз өмірінде қызықты сәттер аз болғандықтан, танымал адамдардың өмірін бақылауға әуес болатынына тоқталды.

Балаға күнде айтылуы тиіс 30 сөз
"Адамдар жағымсыз пікірді дәл сол суреттегі немесе видеодағы "іске" өздері бара алмағандықтан жазады. Мысалы, ашық-шашық киім киетін қыздардың суретіне көбінесе дисфемизм ғана жазылады. Бұл сол пікірді жазған адамның бейсаналы қызығушылығын және ол адамға қызғанышпен қарап тұрғанын білдіреді. Егер пікір жазушының бойында мұндай сезімдер мүлдем болмаса, оның көзі әлгі жазбаға мүлдем түспейтін еді. Кейде "Мынандай қыз осындай ұсқынсыз жігітке қалай қарап жүр?!" деп ашуланып жатады. Бұл жерде олар сұлу қызға қол жеткізген жігітке ғана емес, қызға да қызғаныш білдіріп тұр. Өйткені адам бейсаналы түрде жігіттің бойында осы қыз жоғары бағалайтындай қасиет бар екенін біледі", — деді психоаналитик Жанар Оспанова.

Сондай-ақ, маман жағымды пікір жазатын адамдарда сол суреттегі немесе видеодағы тұлғаның бойында кездесетін қасиеттер барын жеткізді. Себебі, адам өз бойында бар қасиетті біреуден көрсе, оны еш қиындықсыз қабылдайды. Қажет болса, қошемет сөздермен қолдау білдіреді. Мұнымен қатар, маман әлеуметтік желіде боянған суретін салатын жігіттердің көбейгенін және оларға неліктен ер азаматтар тарапынан боғауыз сөздер жазылатынына тоқталды.

Тағы оқыңыз:

"Ер адамның келесі бір жігітке боғауыз сөз жазуы жыныстық таңдауының өзгеше екенін білдіреді. Яғни ол бейсаналы деңгейде ер адаммен жыныстық қатынаста болуды қалап тұр. Десе де, бұл тек ер-азаматтарға қатысты емес. Шектен тыс ашуланшақтық, боғауыз сөздерді айту — көп жағдайда төсек қатынасы жетіспеушілігінің белгісі. Қалай десек те, мұның барлығы адамның сана-сезімінің төмендігін білдіреді", — деді Жанар Оспанова.