Қоғам

ҚМДБ желіні шулатқан мас молданың видеосына қатысты түсініктеме берді

Сәлде оранып, шапан киген ер адамның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ешқандай қатысы жоқ болып шықты
Sputnik

АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желілерде шу болып жатқан видеоға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Оңтүстік Қазақстанда имам сотталды
Бүгін әлеуметтік желілерде көше кезіп жүрген мас молданың видеосы тараған болатын. Видео авторы сәлде оранып, шапан киген ер адамды "Шұбар судың молдасы" деп атайды. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы видеодағы мас ер адам мешіт қызметкері емес екенін мәлімдеді. 

"Ордабасы ауданы Шұбар су ауылында дегендей, масаң күйде көше кезіп жүрген белгісіз азамат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да, Түркістан облыстық өкілдігіне қарасты мешіттердің де қызметкері емес",- делінген хабарламада.

ҚМДБ ақпаратынша, ер адамның үстіндегі киімі мен басындағы сəлдесі мүфтияттың имамдарға арнап белгілеген үлгісінде емес. 

"Бейнетаспаға түсіріп тұрған ауылдасы оны "Ақ тырна" деп атап шақырды. Сыраға сылқия тойған жанның кім екені ауылдастарына жақсырақ таныс. Сондықтан сəлде оранып, шапан кигеннің бəрі мешіттің молдасы емес", — деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.