АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қазақстанда өрт мәселесі күрделі жағдайда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қасымов мемлекеттік өртке қарсы қызмет пен жергілікті атқарушы органдар қабылдап жатқан шаралар айтарлықтай нәтиже бермей отырғанын ашық айтты.
"Соңғы жылдары елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт тіркелді. 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін өрттен 3 319 адам зардап шекті, оның 1410-ы қаза болды. Тікелей өрттен келген материалдық залал 12 миллиард теңгені құрады", — деді министр мәжілісте еліміздегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жай-күйі туралы өткен үкімет сағатында.
Оның айтуынша, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында өрт жиі шығады.
"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, өртке қарсы қызметтің бақылауындағы нысандарда өрт қаупі айтарлықтай төмен. Мұндай нысандарда елімізде болатын барлық өрттің 10 проценті ғана тіркеледі. Өрттің басым бөлігі мемлекеттік өртке қарсы қызметтің бақылауына кірмейтін нысандардан шығады. Бұл тұрғын үй секторы, көлік және орман-дала өрті", — деді Қасымов.
Қасымов бұйрыққа қол қойды: келесі айдан бастап не өзгереді?
Министр қазіргі таңда республика бойынша тіркелетін өрттің 70 проценті тұрғын үй секторында болатынын атап өтті. Оған көп жағдайда отты дұрыс жақпау, пеш пен электронды құралдардың ақауы, балалардың отпен ойнауы себеп болады.
"Сондықтан біз тұрғындар арасында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғын үй жайларында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталып-сақталмағанын тексереміз, видеороликтер көрсетеміз. Бұдан бөлек, мектептерде интерактивті сабақ өтеді, өрт бөлімдерінде Ашық есік күні тұрақты ұйымдастырылып тұрады", — деді ол.
Десе де, министр халық арасындағы түсіндіру жұмыстарының тиімділігі әлі де аз болып отырғанын айтып қапаланды.
"Сол себепті министрліктің бейінді комитеттері азаматтардың назарын өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аудару үшін кешенді шаралар қабылдап жатыр", —деді Қасымов.