Мәдениет

Ақтөбедегі байқауда Димаштың жүрегін елжіреткен қыз Лондондағы концертінде ән айтады

Димаштың туған қаласында тұратын 13 жастағы Наргиз Жанұзақова танымал әншінің Лондондағы шоуында өнер көрсетеді
Sputnik

АСТАНА, 12 қараша — Sputnik. Әнші Димаш Құдайберген ақтөбелік оқушы қыз Наргиз Жанұзақованы Лондонда өтетін "DQ" жеке шығармашылық концертінде ән айтуға шақырды.

Маусым айында әншінің туған қаласында Baqytty bala фестивалі өткен болатын. Димаш оған қонақ және тәуелсіз сарапшы ретінде қатысып, жеке өзінің сыйлығын ұсынды. Димаштың марапатын 13 жастағы Наргиз иеленген еді.

Димаш Құдайберген мен Наргиз Жанұзақова

Жасөспірім төрт жыл бұрын қайтыс болған әкесінің әнін орындады. Бұл ән әншінің жүрегін елжіретіп, ол оқушы қызды әлемдік турне аясындағы концертерінің біріне қатысуға шақырады.

Лондонда Наргиз Жанұзақова танымал қазақ әншісімен бірге "Астана — елімнің жүрегі" әнін орындайды.

Естеріңізге сала кетсек, концерт 19 қарашада Лондонның "Indigo at the O2" залында өтеді. "DQ" жаңа шоуы Қазақстанның Ұлыбританиядағы мәдени күндері аясында ұйымдастырылмақ.

Димаш Құдайберген Қытайдағы "I am a singer" байқауына қатысқаннан кейін әлемде кеңінен танымал болды. Қазақ баласының таланты әлемдік жұлдыздарды, оның ішінде Джеки Чан, Лара Фабиан, Аль Бано және тағы басқаларды тамсандырды.