Қоғам

Көктайғақта құламау үшін не істеу керек — басымнан өткен жағдай

Өмірімізде келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін шын қалауымыздың не екенін түсіну маңызды
Sputnik

АСТАНА, 11 қараша — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Халқымызда "Сақтансаң, сақтайды" және "Сақтықта қорлық жоқ" деген аталы сөздер бар. Ауруды асқындырып, аурухананың табалдырығын тоздырғанша, дер кезінде өзімізге көмек беруді жөн санаймын. Осы орайда басымнан өткен кішігірім жағдайды баяндап, сіздермен мұндайдың алдын алу үшін не істеу керектігін бөліскім келеді.

Көктайғақта қалай дұрыс құлау керек? Астаналық дәрігерден кеңес

"Гауһар қол" фильмін барлықтарыңыз көрген шығарсыздар. Өмірімде сол фильмдегідей жағдай болды. Бірақ, қолым емес, аяғымның ақ бинт пен гипске оранып жатқан жайы бар. Барлығы қас-қағым сәтте болды. Құлағанымда жаныма шамамен 6-7 жасар бір ұл мен қыз жүгіріп келіп "Тәте, сізде бәрі дұрыс па? Тұра аласыз ба? Заттарыңызды алыңыз" деп шашудай шашылған азық-түлікті жинап әкеліп берді. Артта келе жатқан ұл мен қыздың анасы жақындап, "Жедел жәрдем шақырайық" деп тұтқасына жармасты.

Бір уақытта ұл бала "Мама, мен шақырып қойдым. Келе жатыр" деді. Мен жылдамдықтарына аң-таң болып қалып, бірден жәдел жәрдемнен бас тарттым. 6-7 жасымызда осылай жасы үлкенге қамқор болып, жедел жәрдем шақыруды білдік пе екен деп ойланып қалдым. Ол кісілерге алғысымды айтып, үйге қарай беттедім. Жарты сағаттан кейін құлаған соң шок күйінде болғанымды түсіндім. Себебі, бір бөлмеден екінші бөлмеге жете алмай қиналдым. Аяғым ісініп кетті. Қолыма телефонымды алып, сынықшыға барайын ба әлде дәрігерге барайын ба деп ұзақ ойландым. Ақыры жедел жәрдем шақыруды жөн көрдім. Жедел жәрдем келгенде есікті ашу бір қызық оқиға болды. Тіпті, есікке қанша уақытта жеткенім есімде жоқ…

Тағы оқыңыз:

Мұндай жағдай қыс кезінде көптеген адамның басында болуы мүмкін деп ойлаймын. Сол себепті оның алдын алу үшін бірнеше кішігірім кеңесімді ұсынғым келеді.

Әр нәрсенің өз орны бар

Бұл жерде аяқ киім туралы айтып тұрмын. Сенбі күні сағат 10-дар шамасында ояндым. Бұл мен үшін өте кеш уақыт еді. Діттеген жеріме тез арада жету үшін аяғыма жаздық кроссовкімді киген болатынмын. Тайып құлауымның бірден-бір себебі осы болды. Сол себепті, қыста табаны кедір-бұдыр әрі осы маусымға арналған аяқ киімді ғана киюге кеңес беретін еді. Әрине, әркімнің таңдау еркі өзінде. Десе де, қыста көктайғақ кезінде биік өкшелі аяқ киім киген дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Тек көлігіңіз болса, құба-құп дер едім.

"Өлімге құштарлық". Адам өмірден өтетін күнін өзі таңдайтыны рас па?
Құлау да өнер

Осы жағдайдан кейін Астана қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Досбол Ғалымұлымен көктайғақ кезінде адамдар жиі алатын жарақаттар мен олардың алдын алу тақырыбында сұхбаттастым. Дәрігер көктайғақта дұрыс құлауға кеңес берді. Яғни басыңызды омырауыңызға дейін жеткізіп, жерге тимеуіне жағдай жасау керек және қандай жағдай болмасын қолды тіреу ретінде қолдануға болмайды. Мұның орнына салмақты жамбастың жұмсақ бөлігіне түсіріп, отырып қалуға тырысу қажет.

Асыққан — шайтанның ісі

Бұл сөздерді ата-анаңыздан, ата-әжеңізден бір рет болсын естіген шығарсыз?! Мен де қайталаймын. Психоаналитик маман ретінде шектен тыс жылдамдықтың астарында өлімге деген құштарлық жататынын айтқым келеді. Психолог Анатолий Некрасовтың "Ана махаббаты" деген кітабынан бір мысал келтірейін. Әйел адам ұлының мотоциклді қатты айдап келе жатып жол апатына түскеніне қатты таңғалады. Айтуынша, ұлы қойдан да момын жуас, мотоцикл түгілі көлікпен ісі жоқ болған.

Тағы оқыңыз:

Яғни анасы шын мәнінде ұлының қандай екенін білмеген. Тіпті, бойында өлімге құштарлық барын да байқамаған. Осы секілді шектен тыс асығыстық бір сәтте-ақ өміріңізді 180 градусқа өзгертіп жіберуі мүмкін. Өкініштісі, жаман жаққа. Сондықтан бірнәрсеге асығып жүрген болсаңыз, ойлану керек.

Сүйіктіңіз жаныңызда болсын

Бір қалаға жалғыз өзіңіз келіп, жұмыс істеп немесе оқып жүргеніңіз сөзсіз батылдық болар. Бірақ, мойындау керек адам адамзат игілігі үшін өмір сүргенде, адами құндылықтарды жоғары қойғанда ғана бақытты болады. Бұл үшін бірінші кезекте, әрине, жақындармен жақсы қарым-қатынас керек. Яғни жаңа жерге барғанда серік болар бір жанды ала барғаныңыз артық болмайды. Қарапайым тұрмыстық жағдайларды реттеуде көмегі тиеді.

Әйтпесе, сабақ пен жұмыс арасында ғана емес, тұрмыспен байланысты жұмыстармен толассыз шапқылауыңызға тура келеді. Ал аптада жеті күн, тәулікте 24 сағат қана бар. Осы уақыт ішінде үлгеру үшін асықпасқа амалыңыз қалмайды. Одан бөлек көктайғақта келе жатқанда серігіңіздің қолынан артық демеу жоқ шығар. Сүйіктіңіздің орнында құрбыңыз немесе туысыңыз да болуы мүмкін. Бастысы, жаныңызды бір кісідей-ақ түсінетін адам.

Балаға күнде айтылуы тиіс 30 сөз

Жаныңыз, жүрегіңіз және санаңыз не қалайтынын түсіну

Кеңестік тәрбие алып, "жан жоқ" деген сөздер санасына сіңіп немесе жаңа нәрсеге бейімделу қасиеті өте төмен адам болмаса, қалған көпшілік ХХІ ғасырда адамның өмірінде болып жатқан оқиғалардың бейсанамен байланысты екенін жақсы біледі. Осы орайда жоғарыдағы үштік бір арнада түйісіп, шын мәнінде не қалайтыныңызды түсіну үшін екі техника ұсынғым келеді. Оларды 9-сыныптан бері қолданып келемін. Пайдасы мол. Біріншісі — "автомат хат" деп аталады. Аты айтып тұрғандай бейсанаңыздың атынан өзініңізге тоқтамай хат жазасыз. Күнделікті таңертең, шамамен 40 минуттай уақыт кетеді.

Тағы оқыңыз:

А4 форматындағы қағаздың үш бетіне ойыңызға келгеннің барлығын түсіресіз. Әр 10-15 минут сайын не туралы жазып жатқаныңызға мән беріңіз. Әдемілеп немесе біреу оқып қалады деп жазу бекер. Расымен де, ойыңызға не келсе, соны жазуға тырысыңыз. Сөйлемдер арасында логикалық байланыстың болуы маңызды емес. Мысалы, бастапқыда бұл хат "Дәл қазір не жазарымды білмей отырмын. Интернеттен пайдасы тиеді деп оқып едім. Тексеріп көрмекпін" деп басталуы мүмкін.

Бұл хаттың көктайғақта құлаумен қандай байланысы бар?

Өмірімізде болып жатқан кез келген жағдай санамыздың немесе бейсанамыздың қалуы екені сөзсіз. Мысалы, адам құлаған кезде қолын немесе аяғын жарақаттайды, кейде, тіпті, миы шайқалады. Яғни адам осылайша өзінің бейсаналы қалауын орындайды. Психоанализде мұны "екінші дәрежелі пайда" деп атайды.

Отағасы отбасын асырап, жұмыс істей беруден шаршады делік. Саналы түрде жұмысқа бармаймын деп айта алмайды. Жұрттан да, бала-шағасынан да ұят. Бірақ ол да физиологиялық, моральдық тұрғыдан шаршайды. Осындайда жұмысқа бармау үшін көктайғақта құлап, ақталатын себеп табады. Бірақ, шын мәнінде, осы қалауын орындағысы келгені үшін құлағанын түсінбейді.

Кейбіреуі денесін осылай жарақаттау арқылы өзін жазалауы мүмкін. Ал жаза күткен адам бір кінә немесе күнә жасағаны сөзсіз. Бірақ барлығын жоғарыдағы мысалға ұқсата беруге болмайды. Әр адамның өз себебі, тарихы және қалауы бар. Қорыта айтқанда автомат хат арқылы бейсаналы деңгейде өзіңіздің нақты не қалайтыныңызды білесіз. Білген соң оны саналы жолмен жүзеге асырасыз деген үміттемін. Сол кезде өзіңізді жарақаттап, бұлай ақ гипске оранудың қажеті болмайды.

Өзіңізге бағыт-бағдар беру

Ұшқыштар бір қаладан екінші қалаға жету үшін бірнеше тетікті басып қойып қарап отырмайды. Міндетті түрде минут сайын рөлді бұрып, ұшақ тұмсығын межеленген жерге бағыттап отырады. Әйтпесе, адасып кетуі мүмкін. Сол секілді адам да шын қалауын орындамаса, оларды үнемі еске салып отырмаса адасуы мүмкін. Ол үшін мектеп қабырғасынан бері қолданып келе жатқан екінші техниканы ұсынғым келеді. Бір қарағанда оңау шаруа болып көрінеді. Десе де, оны бір жыл бойы жасауға қауқарыңыз жетер ме екен?! Байқап көріңіз.

Қызылорда тұрғыны көктайғақта көшеге шығып, коньки тепті

Таңертең 10-15 минут уақытыңызды бөліп, бір блокнотқа 10 мақсатыңызды жазыңыз. Мұны күн сайын жазыңыз және келесі күні өткен күні алдыңызға қандай мақсаттар қойғаныңызға қарамаңыз. Сол кезде ғана өзіңіз шын мәнінде нені қалайтыныңызды білесіз. Екіншіден, қағазға түскен жазу бейсанаңызға ұстаным ретінде жететіні сөзсіз. Осының арқасында мақсатыңызға күн сайын жақындай түсетін боласыз. Ал өз мақсатына жетіп, шын қалауын орындаған адам мұндай өзін-өзі жарақаттау секілді мазохизмге жол бермейді.

Өзіңді сүю

Адамның өзін жақсы көруі мен өзін ғана жақсы көруінің арасы — жер мен көктей. Біріншісі кезінде ата-анасынан ала алмаған махаббаттың орнын толтырып, эмоционалдық тұрғыдан жетіліп, дана адамға айналады. Ал екіншілер өз мүддесі үшін өзгелерді таптап өтуге дайын болады. Олардан өзінің қалауына сай өзгеруін талап етулері де мүмкін.

Бастысы, ата-анаңызды кешіріп, олардың сізді асырау үшін бар уақытын жұмысқа арнағанын түсіну кеш емес. Оның үстіне мұндай реніштен жаныңыз да, тәніңіз де шаршайды. Кейде тіпті өздеріне назар аударту үшін көктайғақта жыл он екі ай ауруханада жататындай етіп құлауға мәжбүрлейді. Меніңше, мұндай жарақаттарсыз-ақ өмір сүруге болады. Бастысы өзіңізді сүйіңіз, құрметтеңіз.