АСТАНА, 10 қараша — Sputnik. Ирландияда ұзақ жылдар бойы анасынан қалған мұраны тең бөлісе алмаған ағайындылар арасындағы сот ісі аяқталды, деп хабарлайды The Irish Times.
Ферманың иесі 2013 жылы қайтыс болып, үлкен ұлына 3,5 акр (141 сотық) жер қалдырған, жердің құны сол кезде 42 мың еуро болған екен. Екінші ұлына құны үш миллион еуро тұратын 199 акр жер қалдырыпты. Ал әйелдің үш қызы әрқайсысы бес мың еуро ақша пен ыдыс-аяқ қана мұраға алған.
Мұраның осылайша бөлінуіне үлкен ұлы наразы болыпты. Ол он бес жасынан бастап ата-анасының фермасында бір тиын жалақсысыз еңбек еткен. 1997 жылы анасы мұраға кем дегенде 90 акрдан жер қалдыруға уәде берді.
Бірнеше жылдан соң әйелінің ата-анасы мүлікке байланысты шу шығарып, соның кесірінен анасымен ренжісіп қалады. Сөйтіп, 2003 жылы әйел жаңа өсиетхат жазып, үлкен ұлының үлесін азайтып тастайды, ал 2007 жылы фермадан қуып тыныпты. Ол қазір таксист болып табыс тауып жүр, қарындас-бауырларымен сөйлеспейді.
Ер адамның арызын қараған судья әйелдің моральдық борышын бұзғанын мойындап, ұлының 30 жыл бойы фермада тегін еңбек еткенін ескеріп, үлесін 90 акрге көбейтті, қазір жердің құны 1,27 миллион еуро тұрады.
Әйел адам қыздарын да мұрадан құр қалдырған екен, алайда судья айтқандай, олар ешқандай шағым түсірмепті әрі әлеуметтік жағдайы төмен екенін дәлелдейтін ешқандай айғақ келтірген жоқ.