Өңірлер

Ақтөбедегі 52 өзбектің өлімі: айыпталушыларға сот үкімі шықты

Қазан қаласына бет алған автобуста 52 өзбек азаматы тірідей жанып кеткен еді
Sputnik

АҚТӨБЕ, 9 қараша — Sputnik. Ақтөбе облысында автобуста 52 адамның өртеніп кетуіне кінәлі тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ақтөбеде өртеніп кеткен 52 өзбектің туыстары тосын мәлімдеме жасады

Шымкенттегі "Азия транзит" ЖШС-нің құрылтайшысы Нұрлыбек Тілепбаев 3 жыл 6 айға, автопарк механигі Бахадүр Пердебаев 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды.  

Өртенген автобусты жүргізген Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатовты 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шықты. Жүргізушілер 7 жыл бойы көлік жүргізе алмайды. 

Сонымен қатар сотталушыларға жәбірленушілердің әрқайсысының отбасына 2 миллион теңгеден моральдық шығын өтеу міндеттелді. 

Естеріңізге салайық, 18 қаңтарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Самара — Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болды, барлығы Өзбекстан азаматы.


Жүргізушілер Барат Таңатов, Нұржан Қырғызбаев және Мақсат Пернебеков өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, көлік құралдарын пайдалану ережелерін сақтамау салдарынан екі немесе одан да көп адамның қаза табуы бойынша айыпталды. Жүргізушілермен бірге бұзылған автобусты рейске шығарған механик Бахадүр Пердебаев пен тасымалдау фирмасының басшысы Нұрлыбек Тілепбаев та ұсталды.

Ақтөбедегі 52 өзбектің өлімі: автобус жүргізушісі сотта оқиғаның қалай болғанын айтты
Тергеу барысында анықталғандай, өртенген көліктің жолаушылар тасымалын жүргізуге рұқсаты болмапты.
Оның үстіне, техникалық байқаудың мерзімі өтіп кеткеніне екі жыл болыпты – Шымкентте 2015 жылы 17 тамызда техникалық байқаудан өтіп, құжат 2016 жылдың 17 ақпанына дейін жарамды болған.

52 өзбектің туыстары бес сотталушының әрқайсысынан 150 миллион теңге моральдық шығын талап етті. Талаптардың жалпы сомасы 7 миллиард 800 миллион теңге (21 миллион доллардан астам).

Қылмыстық іс 52 томнан тұрады, 100-ден астам адам жәбірленуші ретінде тіркелді.