Қоғам

Қазақстанда биобанктер құрылады

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Sputnik

АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Қазақстанда генетикалық материалдарды сақтауға арналған биобанктер құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр: Қазақстанда ақшаға қан тапсыратын донорлардың саны азайып келеді

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасы қаралды. Отырыс барысында депутат Жәмила Нұрманбетова заң жобасында айтылған  "биобанктер" туралы сұрады.

"Бұл маңызды норма, Қазақстанда адамның, жануардың, өсімдіктер мен микроорганизмдердің генетикалық материалдарын сақтау үшін биобанктер болуы керек. Экологиялық және антропогендік апат қатерлері ұлғайып келе жатқан жағдайда бұл тіптен маңызды", — деді депутат. 

Нұрманбетованың айтуынша, Қазақстанның ғылыми қауымдастығына биобанктер ашу қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағытта Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті, Назарбаев Университеті өз күшімен алғашқы қадамдар жасауда.

"Дуалап, ақшаңды алады" Депутат жалған емшілермен күресуге шақырды

"Осы орайда құқықтық алаңды қамтамасыз ету жұмысын барынша жеделдету керек", — деді мәжілісмен. 

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов те елге биотүрліліктің жоғалып бара жатқан үлгілерін сақтау үшін арнайы қоймалар қажет екенін атап өтті. 

"Қазақстанда дербес медицина, генетикалық секвенирлеу, молекулярлы биология жақсы дамып келеді. Біздің ғылыми-зерттеу институттарымызда коллекциялар бар, мәселен, Ұлттық биотехнология орталығында, генетика институтында. Бірақ мұның барлығы тек коллекция ғана. Банк әзірге жоқ", — деді вице-министр. 

Аймағамбетов банктерді екі бағытта дамыту жоспарланып отырғанын айтты. 

"Біріншісі, бұл биологиялық банктер. Екіншісі, медициналық бағыттағы банктер. Егер аталған норма қабылданса, біз тиісті жұмыс жүргіземіз, — деді ол. 

Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.