Қоғам

"Дуалап, ақшаңды алады" Депутат жалған емшілермен күресуге шақырды

Ахмед Мурадовтың айтуынша, Қазақстанда дәстүрлі емес медицина мүлде бақыланбайды
Sputnik

АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов дәстүрлі емес медицинаның қызметін бақылауға алуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Денсаулық сақтау мәселелері туралы заң жобасы қаралған отырыста мәжілісмен Ахмед Мурадов Қазақстандағы дәстүрлі емес медицина (қытай, ислам, қасиетті су, шипалы балшық) проблемасын қозғады.

Шымкентте бір балаға зар болып жүрген әйелдер емшіге алданып қалды

"Мен "емделіп шыққан" адамдарды көрдім. Онда ешқандай бақылау, басқару деген жоқ, әркім өз бетімен. Ол жерде қанша ақша айналымда екенін білесіздер ме, жоқ па? Өте қымбат. Нәтижесі көңіл көншітпейді, адамдар денсаулығы әбден нашарлаған кезде, кепілдендірілген медициналық көмекке жүгінеді", — деп қапаланды депутат. 

Мурадов осындай емшілердің саны елімізде қанша деген сауалға жауап іздеді. 

"Біздің сайттарды ашып қалсаң, бәрі емдейміз деп жар салады және өте қымбатқа. Емшілер тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған. Осыны бақылауға алуға бола ма? Бұл азаматтардың денсаулығына зиянын тигізіп жатыр ғой", — деді ол. 

Мәжілісмен денсаулық сақтау министрі мен басқа да мемлекеттік органдардан аталған мәселені назарға алуды сұрады.

"Бәрі жақсы болады деп, дуалап ақшаңды алады. Өкінішке қарай, нәтижесі күткендей емес. Заңды медицинамен соттасуға болады, ал бұлармен қалай күресеміз? Мұны зерттеп, мүмкін болса, қалың жұртшылықты да тарту керек", — деді Мурадов.