Қоғам

Ресейдің сұлулық байқауында жеңімпаз атанған қазақ қызы үндеу жасады

Жанна Есенжолова қазақ екенін мақтан тұтады
Sputnik

АСТАНА, 5 қараша — Sputnik. Miss Fashion Russia сұлулық байқауында жеңімпаз атанған этникалық қазақ Жанна Есенжолова өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға алғысын жеткізді.

"Миссис-2018" категориясында бірінші орын алған қыз үндеуінде Есенжолова деген фамилия әкесінің тегі екенін айтқан.

"Кішкентай күнімнен менің ұлтым туралы көп сұрайтын. Қатарлас балалар орыс емес, қытай деп басқа да неше түрлі ұлтқа теңейтін. Түр-келбетіме қарап, кім екенімді білмей, сұрап жатқандарға "қазақпын" деп мақтанышпен жауап беретінмін", - деп еске алады Жанна.

Есенжолова ата-анасы бойына сіңірген түп-тамыры жайында ешқашан ұмытпақ емес.

"Анам, әкем, әжем, әпкем мен көкем кішкентай кезімнен ұлтымды мақтан тұтуды үйретті. Мен қазақпын, өз ұлтымды мақтан етемін. Мен ресейлікпін, елімді мақтан етемін. Шындығында менің екі отаным бар – Қазақстан және Ресей. Барлығыңызға бейбіт өмір, махаббат пен жан тыныштығын тілеймін", - деп жазады сұлулық байқауының жеңімпазы.

Әлеуметтік желідегі парақшасына қарағанда, Жанна Есенжолова тұрмыс құрған, екі баласы бар. Ашық суреттерін жариялаудан жасқанбайды. Жанна спортпен шұғылданғанды жақсы көреді, шетелге жиі барып тұрады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жанна Есенжолова Miss Fashion Russia сұлулық байқауының Гран-при сыйлығын ұтпаса да, "Миссис 2018" категориясында бірінші орын алды.