Әлем

Автобус ішіндегі төбелес 13 адамның өліміне алып келді - видео

Құтқарушылар 70 метр тереңдіктен автобусты алып шықты
Sputnik

АСТАНА, 2 қараша — Sputnik. Қытайдың Чунцин қаласында қоғамдық көлік жүргізушісі мен жолаушы әйел төбелесіп, автобус Янцзы өзеніне құлап кеткен. Оқиға салдарынан 13 адам қаза тапты, тағы екі адам із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарында, деп хабарлайды Sina басылымы.

Астана маңында оқушылар отырған автобус апатқа ұшырады

Басылымның мәліметіне сүйенсек, әйел адам аялдамасын жіберіп алып, жүргізушіден тоқтауды талап етеді. Алайда автобус көпір үстінде кетіп бара жатқандықтан, жүргізуші жолаушының өтінішін орындамайды. Сол кезде әйел жүргізушіге тіл тигізіп, ұрып жіберген.

Видеода ер адам өзін қорғап, әйелге қарсы жұдырық сілтейді, сол кезде оң қолын рөлден жіберіп, жолға қарамай қалған екен. Автобусты басқара алмай қалған ол 51 км/сағ жылдамдықпен қарсы беттегі көлікке соқтығысады, содан соң автобус көпірдің қоршауын бұзып, өзенге құлап кетеді.

Қытай билігі оқиға орнына құтқарушылар, полицейлер, сүңгуірлер мен еріктілерді жіберді. Мамандар бірнеше кеменің көмегімен 70 метр тереңдіктен автобусты алып шықты.