АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Судья Қанат Тобағалиұлы зардап шеккен тарапты материалдық шығынды көрсетуге мәжбүрлемегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бір апта бұрын өткен сот отырысында зардап шеккен тараптың адвокаты Дамир Сандинов айыпталушыдан жалпы сомасы 14 миллион 753 мың теңге материалдық шығын өндіруді сұраған еді. Процесс аяқталысымен, марқұм Ескендір Сүлейменовтің анасы Лейла Сүлейменова журналистерге "судья бізден материалдық шығынды көрсетуімізді талап етті" деп мәлімдеген болатын.
Бүгін судья Қанат Тобағалиұлы БАҚ өкілдеріне зардап шеккен тарапты ешкім мәжбүрлемегенін түсіндірді.
"Оларды ешкім мәжбүрлеген жоқ. Бұл жәбірленуші тараптың құқығы. Бұл жерде ешкім мәжбүрлемейді. Егер бас тартқысы келсе, бұл зардап шеккен тараптың құқығы. Сондықтан сот анықтауы тиіс, сот қуыным талабын мойындап тұрған кезде жай ғана қанағаттандыра сала алмайды. Сот заңмен негіздеуі керек", — деді судья зардап шеккен тараптың қорғаушысына.
Айыпталушы Малика Мұхитова азаматтық қуынымды толық көлемде мойындады және жәбірленуші тарап есепшот нөмірін әлі ұсынбағанын мәлімдеді.
"Мен банк шотының нөмірін сұрадым, әзірге берген жоқ", — деді Мұхитова сотта.
Келесі сот отырысы 9 қарашаға сағат 15:00-ге белгіленді.
Еске сала кетсек, белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі 27 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанада жол апатынан көз жұмған еді. Жол апаты Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан. Ескендір Сүлейменовті Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова қағып кеткен. 29 жастағы Малика Мұхитова өткен аптада өткен сот отырысында марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Айтуынша, көлікті 2012 жылдан бері жүргізеді, алты жыл ішінде бірде бір рет жол-көлік оқиғасына ұшырамаған.
Олжас Сүлейменовтің отбасы немересінің қазасы үшін 14 млн теңге сұрады
Айыпталушы "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясында жұмыс істейді, тұрмыс құрмаған, бұрын сотталмаған.